Атажұрт

ХАЛЫҚ ЖАНАШЫРЛАРЫ

Neque porro quisquam est, qui dolorem ipsum quia dolor sit amet, consectetur, adipisci velit, sed quia non numquam eius modi tempora.

Қытай, Шыңжаңда қандастарымыздың жазықсыз «Саяси үйену», «Қайта тәрбиелеу орталығы» атты концлагерге неше он мыңнан бірнеше жүз мыңға дейін қамауға алынуы, әрі оның бүгінгі күнге дейін тоқтаусыз жалғасып жатқаны, бір отбасының екіге бөлініп (бір отбасының бірнеше мүшесі қазақстанда, енді бірнешеуі қытай концлагерінде) қалуы, жылаған тірі жетім бала мен тірі жесірлердің елімізге Қытайдан көшіп келген Қазақтар арасында көбейіп кетуі сынды Қытайдағы 3 миллионға жуық қандастардың басына түскен күрделі мәселелерді халық арасында қалай шешуге байланысты адамдар сан түрлі ойлар мен ұсыныстар айтуда. Адамдардың сол идеалары негізінен үш негізгі бағытқа келіп тиянақтады.

  • Қытайдағы қандастарға көптеген елдердің тәжірибесінде бар мемлекет аралық көш-қон шақыртуын жасатып, Қазақстанға шақырып әкеле беру керек. Басқа елдің ішінде болып жатқан іске араласу оңай болмайтындықтан, әрі біздің ел Қытай елінен жас, салыстырмалы түрде кішкене болғандықтан, Қытайдың бұл сайқал саясатына тоқтау қою қиын. Әрине, көш-қон шақыртуын жасау бұл өте жақсы ұсыныс, халық та қолдайды. Осы көш-қон шақыртуы жайлы көші-қонның жан ашыры, қоғам белсендісі, нұр отан партиясының мүшесі Ауыт Мұқибек мырза да оның қыр-сырларын егжей-тегжейлі айтып мақалалар да жазған болатын. Әрі сол көш-қон шақыртуына қатысты мекемелер арқылы қажетті құжаттарын дайындап шақыртуды жасап Қытайға жіберіп жатқан азаматтар да көбеюде.
  • Біздің ел Қытай елімен өте жақын дос, стратегиялық әріптес, тату көрші. Сондықтан, Қытайда саяси қысым көріп, жәбірленіп жатқан қандастардың Қазақстандағы туған-туыс, ет жақындары бәріне шыдауы, жылап-еңіремеуі, сабырлық танытып үндемеуі, жан-жаққа арызданбай тыныш отыруы, қоғамның аңысы мен дүмпуін тудырмауы, екі елдің арасындағы тонның ішкі бауындай татулығына сызат түсіріп алмауды ойлайық. Бәрін Қазақстан билігі дипломатиялық байланыс арқылы шешсін деген ұстанымды жақтайтындар да бар.
  • Қытайдағы қандастардың саяси қысымға ұшырап, құқығының тапталуына байланысты бүгінгі күнде қоғамда ең белсенділік танытып жүрген ерікті азаматтар болса, әр елдің конституциясы бойынша, адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы бойынша ешбір саяси, экономикалық, адам өлтіру, қыз зорлау, банк тонау т.б. нақты қылмысы болмағандықтан, «қылмысы» туралы ешбір дәлелі болмағандықтан, еш себепсіз, сотсыз, жазықсыз адамдарды неше он мыңнан жүз мыңдап түрмеге тығу – «тас түскен жеріне ауыр» болатындықтан, олардың (жәбірленушілердің) етжақындарының жанына батып, өзегін өртеп, тыныш өмірін быт-шыт етуде. Сондықтан, көп санды адамдар – әр кім өзінің арқа сүйер әке-шешесі немесе бар үміті, болашағы болған бала-шағасы үшін арыздануға, істің шындығына көз жеткізуге, етжақындарының заңды құқығын қорғауға, жазықсыз жәбірленуге жол бермеуге хақысы бар екендігін алға тартып, халықты арызданып құқығын қорғауға шақыруда.

Жоғары да аталған үш түрлі ұстанымдағылардың  басым көп сандысы өз ұлтының қамын ойлайтын азаматтар болғанымен ұстанымдарының және қарекет жасау (немесе қарекетсіздік) тәсілінің әр түрлі болуына байланысты бір-бірін теріске шығаратындар, даттайтындар, қаралайтындар көбейді. Әр тарап өзінікін дұрыс санайды. Біреулері білмей, дүрмекке еріп екінші бір тарапқа сөгіс айтып, қаралап жатса енді біреулері жекебас араздығы үшін ерегестен солай істеп отырған болуы да мүмкін. Осыған орай шынайы ұлт жандылықта және оны өздерінің әрекеттерімен көрсете білуде кемінде қандай ерекшелік болады деген сауалға ғылыми тұрғыда жауап іздеуге тура келеді.

Халықтыңтың нағыз жанашырларында кемінде төмендегідей бірқанша ерекшеліктер болады:

1) Халықпен бірге болады. Ұлтын шын сүйген жандар қарапайым халыққа жақын болады. Жақын болу деген қасына көшіп барып көрші болып отыру деген сөз емес. Жақын болу – әр түрлі уайымға салдыратын, зығырды қайнататын мәселелер мен қиыншылыққа тап болып басы ауырып, балтыры сыздаған азаматтар мен азаматшаларды қаладағы, даладағы елдің арасынан іздеп табу, болып жатқан шындықты ашыққа шығару, қоғамның және әлемнің назарына ұсыну, қандай қиыншылығы, мәселесі бар екенін білу және сол қиыншылықтан шығарудың жолын бірге іздестіру. Құзырлы орындарға құлақ қағыс ету. Іс оң шешім тапқанша немесе жағдайы оңалғанша  халықты оларға көп болып көмектесуге шақыру. Жалпы халық арасындағы көптеген ұлтжанды, белсенді азаматтарды осы іске араласуға ат салысу. «Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, іздеп бармасаң, кезікпесең, сырласып мұңын тыңдамасаң кімде не жағдай болып жатқанын қайдан білесің? Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жиі-жиі ауыл, аудандарды аралап өзгелердің құқықтық ақыл-кеңесіне және ақшалай немесе заттай көмегіне зәру болған адамдарды іздеп тауып отыруға тура келеді. Халқымыздан шыққан көптеген белсенділердің ішінде Атажұрт еріктілері осындай іс-қимыл жүргізу барысында не бір (Қытайдағы қандастарға байланысты туындаған) сұмдық, ауыр жағдайларды ет құлағымен естіп, өз көзімен көріп, өте ауыр жағдайда отырған адамдардың, отбасыларының куәсі болып, оларға көмек қолын соза білгені көпке белгілі.

2) Халықтың заңдық (құқықтық) сауатын арттыруға атсалысады. Адамдардың барлы университеттен заңгерлік мамандығын оқыған судия, заңгер, адвокат емес. Мейлі қаладан, мейлі даладан болсын еліміздің азаматтық, көш-қон, қылмыстық, т.б. заңдарын, халықаралық заңдарды, жалпыға бірдей адам құқықтарының декларациясын білетіндер өте аз деуге болады. Әр адам өзінің қандай құқығы, еркіндігі бар екенін біліп, құқықтық сауаты ашылғаннан кейін өзінің және Қытайдағы жақындарының қандай заңды құқығы бар екенін түсінгеннен кейін, Қытайда құқығы тапталып концлагерге тоғытылған жақындарының заңды құқықтарын қорғауға ат салатын болады.

3) Өзінің де, өзгегің де азаматтық құқығын (ҚР, ҚХР), адамдық құқығын (БҰҰ) қорғауға тырысады. Адамдар өздерінің қандай құқықтары бұзылып отырғанын білген күннің өзінде оны қалай қорғап, қалпына келтіру керек қалай күресу керек, не істеу керек, неден қалай бастау керек екенін, арызды қайда, кімге қалай жазатынын біле бермейді. Атажұрт еріктілері Қытайда Қытай билігінің заңсыздығы мен қылмыстық әрекетінің құрбаны болып аса ауыр жағдайды басынан өткеріп жатқан қандастардың құқығын қорғау жолында көптеген жұмыс жасағанын Қазақ, Ағылшын, Қытай  тілді сайттардан, әлеуметтік желілерден оқып, естіп, көріп отырмыз. Халықтың іздеп келіп арыздануына ыңғайлы болу үшін адресі тұрақты арнаулы офис те дайындапты. Әркімнің өз жұмысы өз тірлігі болса да әр күні бір адамнан кезекшілік жасап, келіп арызданушылардың мұң-зарын тыңдап, сұхпат жасап, ақыл-кеңесін беріп, арыздың үлгілерін дайындап, арызды жазып-сызуына, ағылшын т.б. әлемдік тілдерге аударуына көмектесіп отырады. Яғни, құқықтық білімдерді үйреніп қана қоймай, туған-туысқандары Қытайда түрмеге қамалған оралман қандастарды заңды құқықтарынан пайдала отырып жәбір көрген қытайдағы туыстарына араша түсуге атсалысуда.

4) Өз елінің конституциясы мен заңнамаларын ғана емес халықаралық заңдарға, адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына да бойсынады және атқаруға атсалысады. Қоғамдағы кейбір адамдарға «қағазға жазылған заң басқа, өмірде мүлде басқа» деген қате түсінік қалыптасқан. Ұлтын сүйген азаматтар керісінше өз еліміздің конституциясы мен заңдарына көрсетілген құқықтың мүмкіндіктерге арқа сүйей отырып, адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын, ҚХР конституциясын, халықаралық заңдарды ту етіп ұстап Қытайда етжақындарының құқығы тапталып, жәбір көрген еліміздегі қандастарымызды біреуінің де қалыс қалмай біртұтас арыздануға үгіттеуге тиіс. Осы жолда, біреулер «неге елді шулатасыңдар?», «неге айқайлап істейсіңдер?» дегеніне қарамастан ауыл-аудандағы құқықтық сауаты төмен қарапайым қандастарға арнап әлеуметтік желі арқылы (бар мүмкіндігімізде сол еді) жазбаша, аудио форматында құлақтандыру, хабарландырулар таратып, халықты арыздануына ат салысу өте дұрыс жасалған қадам.

Әр елдің конституция, адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, халықаралық заңдар, т.б. барлығы оқып, біліп ғана қоятын құр теориялар емес. Оны әр біріміздің өз өмірімізбен тығыз байланыстырып, заңды құқықтарымызды қорғау нақты әрекетімізге айландыра білуге тиістіміз. Әр кім өзінің құқығын білуге және қорғауға қабілетті болса, заң өздігінен-ақ орындалып, қоғамның тәртіпті, мәдениетті болуына, дамуына өз үлесін қосатын болады.

5) Заңсыздық жасаушылардың заңсыздығын, қылмысын әшкерлейді. Өзінің кісілік (адамдық) және азаматтық құқығы мен еркіндігін қорғау, қалпына келтіру мақсатында құқығын таптаушылардың яғни жәбірлеушілердің (мейлі мемлекет, мейлі ұйым, мейлі жеке адам болсын) заңсыздығын, қылмысын әшкерлеу қажеттілігі туындайды. Қылмыс дегеніміздің өзі – заң бұзу, жеке адамның немесе этникалық топтың құқығын таптау, еркіндігін шектеу, рухын қорлау, тәнін азаптау, т.б. Ендеше адам өзінің бұзылған құқығын, шектелген еркіндігін қалпына келтіру үшін қарсы тараптың заңсыздығын айтуға яғни қылимысын әшкерлеуге тура келеді. Сондықтан, адам өзінің заңды құқығын қорғау мен қарсы тараптың заңсыздығын, қылмысын әшкерлеу бөлінбейтін бір тұтас нәрсе. Яғни, қылмысын әшкерлемесең заңды құқығыңды қорғай алмайсың. Құқығыңды қорау үшін қарсы тараптың қылмысын әшкерлеуге мәжбүр боласың.

«Тас түскен жеріне ауыр тиеді» дегендей, жәбірленушілердің етжақындары өздерінің құқығын қорғау жолында жәбірлеуші тараптың (Қытай билігінің) заңсыздығын, қылмысын әшкерлеп, етжақындарының тапталған құқығын қорғауға ұмтылған жеке тұлғалардың қарекетін саясатқа балап оған қарсы шығып бұл «арандату», «екі елдің достығына сызат түсіру», «жау шақыру» – деп арызданушылардың жолына көлденең тұрып алып онсыз да қорқақ, көнгіш болып қалған қытайдан келген қандастарды үндемеуге шақырып әуре-сараң болғандар да болды.

6) Халықты құраушы әрбір жекелеген адамның қолынан келетіні – заңды құқықтарын қорғап арыздану. Тапталған құқығы мен шектелген еркіндігін қалпына келтіру мақсатында заң аясында бейбіт жолмен еліміздің құзырлы орындарына, БҰҰ-на, халықаралық адам құқығын қорғайтын ұйымдарға арызданушылар – бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін қарекет етушілер. Әр азаматтың бұзылған құқығын қорғауға толық құқығы бар. Әрі оны ешкім де тоқтата алмайды. Яғни, бұл әр адамның жеке өз ісі. Жеке адамдардың арыздану ісіне мемлекет аралық депломатияны көлденең тарта берудің қажеті шамалы. Депломаттар ел іші-сыртында болып жатқан жағдайларға өзбеттерінше талдау жасап, депломатиялық тұрғыдан қандай әрекеттер жасайтынын өздері шешеді. Қарапайым халықтың басында болып жатқан іс депломаттарға, депломатиялық байланыстарға әсер етуі де, етпеуі де мүмкін. Мейлі қалай болса да біз қарапайым халық оған араласа алмаймыз. Қарапайым халықтың міндеті және қолынан келетіні өздерінің және етжақындарының заңды құқықтарын қорғау. Ел конституциясы мен заңдар шеңберінде әрекет етуге ұмтылып өзінің бүгінгі демократиялық, өркениетті қоғамның еркіндікке ие адамы екенін, қоғамның толыққандды мүшесі екенін, құқығы тапталуға, орынсыз жәбір көруге тиіс емес екенін сезіну. Мейлі жеке бір адам болсын, мейлі этникалық бір топ болсын (мысалы, Қытай, Шыңжаңдағы) құқығы тапталып, еркіндігі шектен тыс шектеліп, қатал саяси қысымға ұшығаған кезде өзге елдерге, әлемдік қауымдастыққа арызданып, көмек сұрауға мәжбүр болады. Оның несі айып? әрі солай істеуге де толық құқығы бар. Оған неге арызданасыңдар, неге қоғамның назарын аударасыңдар  деп кінә артуға келмейді. Ал өз елі, өзге елдер мен халықаралық ұйымдар бұл арыздарға қалай қарайды, шешеме жоқ шешпейме, шешуге тиіс болса қалай шешеді бұл олардың ісі.

7) Саясаттың маңызды бір құндылығы оның күштілігінде емес дұрыстығында, әділдігінде. Менің ойымша кез-келген бір елдің саясатының дұрыс не бұрыстығын бағалауға қажетті бір өлшем – сол елдің жүргізіп отырған саясаты қаншалықты өз елінің конституциясына, халықаралық заңдарға және адам құқығының жалпыға бірдей декларациясына қайшы келетіндігі немесе қайшы келмейтіндігі арқылы бағалауға болады. Қаншалықты қайшы келсе, саясаты соншалықты сорақы, қате деуге болады. Дұрыс, орынды саясат өз елін дамуға, адамзатты, әр халықты өзара силастық, береке бірлікке шақырса; қате, солақай саясат өз елінің де, өзге ел, өзге халықтың да наразылығын көбейтіп, өзінің  құрдымға кетуіне итермелейді. Ендеше, адамдардың құқықтық сауатының жоғары болуы әрі әр кім өзінің заңды құқығын қорғау қабілетінің жоғары болуы, тапталған құқығын қалпына келтірге деген жауапкершілігі мен өлермендігі сол елдің заң талаптарының қатаң орындалып, жүргізіп отырған қате саясатының ертелі-кеш оңалуына оң әсрін тигізеді. Сондықтан ұлтын шын сүйген адамдар елі мен жерін сүйе білуден тыс өз халқының құқықтық сауатының жоғарлауына атсалысады. Саясаттағы оң өзгерістер жәбір көрген халықтың құқықтық сауатының, ұлтжандылықтың оянуы, бірлігінің күшейуі арқасында уақыт өте биліктің (қытай билігінің) қате саясаты өз халқының немесе әлемнің наразылығына ұшырап, қателігін танып, кемшілігін өзгертіп, райынан қайтуға мәжбүр болу арқылы жүзеге асуы да бек мүмкін.

8) Дамуға деген түсініктің тереңдеуі. Бір халықтың, бір едің даму деңгейі – мемлекеттің жалаң жылдық кірісімен өлшенбеуге тиіс. Керісінше, бір халықтың, бір елдің дамуы – сол ел халқының рухани, ғылыми, техникалық, экономикалық барлық салалардан қатар дамуы арқылы көрінуге тиіс. Яғни, жалпы халқының даму өресі жоғарламай, елдің дамуы да жоғарлай алмайды дегенді ұғындырады. Сондықтан, нағыз ұлтын сүйген жандар қарапайым халықтың, жалпы халықтың жан-жақтылы дамуын (ғылым-техника, өндіріс пен шаруашылықтан тыс халықтың құқықтық сауатының жоғарлауын, ұлтжандылық, имандылық, қайрымдылық т.б. өз ішіне алады) көтеруді негізгі нысанаға алып, атсалысуға тиіс деп ойлаймын.

9)  Алаштың амандығына деген адал жүрегі. ҚР конституциясының жалпы ережелер бөлімінде «еліміздің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Өз ұлтының аман болуына, өсіп өнуіне, дамуына шынайы тілектестік – ұлтжандылықтың ірге тасы (фундаменті). Шынайы ұлт жандылық өз ұлтының аман-есен болуы мен өсіп-өнуін қолдап, қорғаудан бастау алады. Сондықтан, ұлтыңның басына немесе ұлтыңның бір бөлімінің басына қауіп-қатер төнгенде ең бірінші кезекте қолға алатын ең маңызды істің бірі – осы төнген қауіптен ұлтыңды немеме оның бір бөлімін аман алып қалуға атсалысу, күресу. Бұл құтты медицинадағы алғашқы жәрдеммен ұқсас маңызға ие. Шынайы ұлтжандылық пен көрегендік те осындай сәтте сыналады. Атажұрт еріктілерін нағыз ұлтжандылардың бірі әрі бірегей бір тобы (бұл атажұрттан басқасы ұлтжаны емес сөз емес) деуімізге – олардың басқаның бәрін, керек десең өз тірліктерін де қайырып қойып қуғын-сүргінге ұшыраған Қытайдағы қандастарға араша түсіп құқықтары мен бостандығын қорғауға аянбай атсалысуы дәлел болады. Өз елімен қоса әлем елдерінен, әлемдік қауымдастықтан араша сұрауда. Осы барыста Атажұрт еріктілері көптеген халықаралық құық қорғау ұйымдары, әлемге танымал кісілік құқықты қорғайтын ұйымдарымен, ақпарат құралдарымен және олардың меншікті тілшілерімен де байланысқа шығып, қарым-қатынас орната білгенін байқатты. Адамдардың ұстанымдарының әр түрлілігі мен кез-келген кедергілерге қарамастан атажұрт еріктілерінің атқаратын істері алдағы уақытта өршімесе өшпейді деп сенеміз. Қарекет жасау адамнан, нәтиже Алладан.

Кенжебек Құдысұлы

ХАЛЫҚ ЖАНАШЫРЛАРЫ
4 комментария

4 пікір

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

жоғары