Ел жаңалықтары

Қазыбек Иса. БІЗ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ КІМДЕРДЕН АЛДЫҚ?!.

ҰМЫТПАУ – ҰЛЫҚТАУ  БОЛМАУЫ КЕРЕК!

Кеше Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Коммунистік Жастар одағының 100 жылдығы тойланды. Қаншама ұлтты қанға бөктірген, Алаш арыстарынан бастап, Қазақ Тәуелсіздігі үшін күрескендердің бәрін қырып салған коммунистердің көсемі Лениннің мүсінін төрге шығарып табынушылар, оның бейнесі салынған медальмен марапатталды. Ленин бейнесіндегі комсомолдық төсбелгілерін тағып масайрап жүрді. Тәуелсіз Қазақ сарбазы ұстаған Ленин бейнесі жарқырап тұрған Кеңестік қызыл ту Көк туымыздан да биікке көтерілді… Мемлекеттік емес жиында Мемлекеттік Туымыз қайдан жүр? Әлде Тәуелсіз Қазақстан мен комомолдың арасында әлдебір байланыс бар ма?

Бүгін бүкіл әлеуметтік желіде және сайттарда комсомолдың   тойына келгендердің  арнайы «сыбағаларын»  беруде.

Әрине,  Тәуелсіздікке дейін  кеңес кезеңіндегі 14-28 жастағылардың комсомол болмағандары жоқ. Заман солай – билік соны талап етті. Енді ол өткеніміз, тарихымызды ұмытуға болмайды дейміз. Бірақ Ұмытпау деген – Ұлықтау болмауы керек!  Сұрыптау керек.  Коммунизмнің  адамзатқа тигізген адам айтқысыз  алапат апатын айыптауды Ұмытпауымыз керек!

Осы біз Тәуелсіздікті кімдерден алдық?  Коммунистерден алдық емес пе? Ал Комсомол дегеніміз – Коммунистік Жастар Одағы (Коммунистический Союз Молодежи) деген сөз. Коммунистік партияның жастар ұйымы. Толық аты Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы – БЛКЖО.  Бүгінгі жастарға  түсіндіріп айтсам, Коммунистік партия дегеніміз мысалы, қазіргі биліктегі «Нұр Отан» партиясы  болса, комсомолдар – «Жас Отанмен» бірдей ғой.

Сонда бұрын бізді отарлаушы коммунистердің   идеологиясын белсенді атқарушы органы  -комсомолдың  100 жылдығын тойлау  қандай ұғымға сыяды? Пайымы мен парасаты бар адамға -парадокс емес пе?  Бұл тойды кімдер ұйымдастырды?  Қыруар қаржы қайдан алынды? Бүгінгі парламентте отырған Косарев бастаған Коммунистік партияның жалғыз өзінің бұған шамасы жете қояр ма екен? Бұндай мерейтойға  жеткеніне жүректері жарылардай қуанышты  болып жүрген Қуаныш  Сұлтанов пен  бақыттан басы айналған  Бақытжан Жұмағұловтар бастаған, депутат Серік Сейдумановтар қостаған нұротандықтардың толып жүргеніне қарағанда билік соларда секілді. Кеңестік-комсомолдық медалдарын сыңғырлатып тағып алып,  сызып  жүрген коммунист депутат Жамбыл Ахметбековтың жайраң қағуын «өз тойы» болғандықтан шығар дедік. Ал нұротандық сенатор  Бірғаным Әйтімованың  есі шыға шаттанып жүргеніне не дерсің?  Әлде, Қазақстан Коммунистік Жастар одағының хатшысы кезінде Желтоқсан оқиғасында жастарды қалай жазалағанының  «жалыны» әлі басылмаған ба? Айтпақшы, «Қазақ үні» кеше бұл туралы «КОМСОМОЛДАР ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫ ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАДЫ?» атты тарихи құжаттарды жариялай бастады.  Бұлардың бәрінің «Мен әлі құлмын» деп мақтанғандай, отарлаушы империяны дәріптейтін медалдарын жарқыратып ашып тұрып, мәз-мәйрам болып суретке түсуін, нағыз саяси сауатсыздық  деуге болады.

Иә, парламенттегі партиялардан «Ақ жолдан» басқа екі партия тайлы-таяғымен түгел өріп жүр.  Тіпті, «Біз ғана оппозициямыз» деп  кеудесін қаққанда бос жаңғырық шығатындар да босағадан көрініп қалды… Рухани жаңғырып жатқанымызда бұлай рухани-саяси  кері кетуді қалай түсінеміз?

Бұл Тәуелсіздік идеологиясына қарсы соққы екенін білу үшін көп ақылдың керегі жоқ шығар…  Комсомолдың   «Күрес қайта басталады» («И вновь продолжается бой«) атты әйгілі  әнұранын  тойға қатысқан нұротандықтар мен Тәуелсіз Қазақстан парламентіндегі  коммунистер (нонсенс)  және «оппозиция» өкілдері қосыла шырқады ма, ол жағын тойға қатыспағандықтан әзірге айта алмай отырмыз.  Өйткені, «Ақ жол» партиясы басшылығы комсомол тойына шақырту алғанымен, қарсылық білдіріп, қатысудан бас тартты.

Әйгілі Роза Рымбаева бастаған комсомол әншілердің  шақырып, шақасын төлегесін кеңестік әндерді шырқауына, қазір «әншілер» деген сөз  – «оларға бәрібір,  бәрі кешірімді » деген ұғымға айналып кеткендіктен, бұдан әрі сөз шығындамай-ақ қоялық. Бірақ  бізден  басқа, өзін -өзі сыйлайтын, үлттық идеологиясы бар, өз тілі,  өз ділі бар Тәуелсіз  Мемлекеттерде  бұрынғы отарлаушы ел идеологиясын насихаттағандар болса, (олай болуы мүмкін емес) әншісімен қоса әкімі, министрі, депутаттары қызметінен ғана емес, елінен аман кетуі неғайбыл?  Ендеше, біздің билік басқаларды қайдам, отарлаушы империялық Коммунистік Кеңес Одағының  туын көтеріп, жырын жырлап жүрген,  Тәуелсіз Қазақстанның Парламенттік депутаттық   төсбелгісін  Кеңестік комсомолдың төсбелгісіне айырбастағандарды сол соңғы төсбелгілерімен қалдырып,  мандатынан айыруы керек.

Әрине,  алыс-жақыннан тойға келгендердің ішінде бұл шараның Ұмытпауға емес – Ұлықтауға айналып кетерін білмей, опық жеп қалғандар да бар шығар. Ендеше, оларды «орға» түсірген тойды ұйымдастырушылар өз  мақсаттарына жетті деуге болады.

Ал Тәуелсіз Қазақ  Елінің Ұлттық идеологиясы  қашан мақсатына жетеді?

 Қазыбек ИСА,

 «Қазақ үні»

 Qazaquni.kz

5 комментариев

5 пікір

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары