Әлем ақпараты

Трамп-Ши келіссөзі туралы екі ел екі түрлі мәлімдеме жасады: Қытай нені жасырды?

Аргентинадағы келіссөз. Фото: VOA.
Аргентинада өткен G20 саммиті кезінде «Үлкен жиырмалықтың» құрамындағы бір қатар елдердің басшылары жекелеген кездесулер өткізді. Десек те, әлем елдері АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Ши Жинпиң арасындағы кездесуге баса назар аударды. Өйткені, бұл кездесуде әлемнің ең ірі екі экономикасы арасындағы күрделі әрі қайшылыққа толы сауда қақтығысының тағдыры шешілетін еді. Алайда, Трамп-Ши кездесуі осыған дейін басым көп сарапшылардың болжағанындай болмай шықты. Трамп пен Ши Жинпиң тіл табысып, АҚШ-Қытай арасында үш ай бойы жалғасқан сауда соғысын тоқтатудың келісімдерін жасасқан.
Осыған дейін әлем елдеріндегі бірқатар, тіпті басым көп сарапшылар Трамп пен Шидің ортақ пікірге келе алатынына сенбеген еді. Бірақ, бұл келісімді «Саудалық соғыс бітімі» деуге бола ма? Бұған әлі ерте секілді. Бір келіссөз туралы Ақ үй мен Бейжің екі түрлі мәлімдеме жасады. Қытайдың ресми ақпарат құралдары нені жасырды? Трамп пен Ши Жинпиң сірә қандай келісім жасасты?
Трамп пен Ши Жинпиң арасындағы келіссөз екі жарым сағатқа созылған. Кездесуден кейін қос тарап келіссөз нәтижесін жария етудің ұқсамаған әдістерін пайдаланды. Сондай-ақ, келіссөз мазмұны туралы мәліметтерінде де айырмашылықтар болды. Қытай делегация тобы кездесу аяқтала салысымен Қытайдың ресми телеарнасы CCTV арқылы хабар таратып, екі ел басшысы маңызды консенсусқа қол жеткізгенін, 1 қаңтардан бастап қосымша кедендік салықтарды алып тастауға келіскенін айтты. Сондай-ақ, қос тарап келіссөзді жалғастыратынын жеткізген. Алайда, Трамп пен Ши Жинпиң арасында қандай консенсусқа қол жеткізгені туралы анық мәлімет бермеген.
Ал, Трамп бастаған делегация болса келіссөз нәтижесін хабарлауға асыға қоймады. CCTV-дің хабарынан кейін бір сағаттан астам уақыт өткенде, аталған саммиттегі өзге елдердің БАҚ өкілдері, Құрама Штат тарабы ресми мәлімдемені Ақ үйде жария ететінін айтып жатты. Тағы жарты сағат өткеннен кейін барып, Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сандерс мәлімдеме жасады. Бұл кезде Трамп бастаған делегация Буэнос-Айрестен аттанып кетуге әзірленіп жатқан.

Ақ үй мәлімдемесі не дейді?

Бір қызығы, Ақ үйдің мәлімдемесінде Қытай тарабы жарияламаған көптеген мазмұндар бар. Айталық, Қытай тарабының ресми мәлімдемесінде, АҚШ 200 млрд доллар тұратын қытайлық өнімдерге 10 пайыз кедендік салықты 1 қаңтардан бастап алып тастауға келіскені баса айтылған. Алайда, тараптар құрылымдық өзгерістер туралы келіссөздерді тез арада бастауға уағдаласқаны тек Ақ үй мәлімдемесінде ғана айтылып отыр (Бұны Қытайдың сауда саясатын өзгертуге бағытталған келіссөздер болуы мүмкін деп топшылауға болады). Егер 90 күн ішінде екі ел бұл жөнінде келісімге келе алмаса, онда қытайлық тауарларға салынатын кеден салығы бірден 25 пайызға өсіретін болып келіскен. Келісімнің бұл тармағы Қытайдың алғашқы мәліметтерінде еш ауызға алынбаған болатын.
Бұларға қоса, Ақ үй мәлімдемесінде Қытай тарабы екі ел арасындағы сауда теңгерімін қалпына келтіру үшін АҚШ-тан ауыл шаруашылық, энергетика, өнеркәсіптік және басқа да өнімдерді (өнім түрлері нақты келісілмеген, бірақ өте көп мөлшерде) сатып алуға келіскенін айтады. Келісімде және фентанилді «бақылауға алынатын» зат ретінде белгілеуге де Қытай жағы мақұл болған. Бұл дегеніміз – Америка Құрама Штаттарына фентанил сататын адамдар Қытайдағы ең ауыр жазаға тартылатынын білдіреді.
Трамп-Ши кездесуі аяқталып бес сағат өткенде және Ақ үй мәлімдемесінен екі сағат кейін де, Қытайдың үкіметтік басылымдары, CCTV , «Шинхуа» сынды мемлекеттік арналары мен ресми ақпарат агенттіктерінің арнаулы хабарында, Ақ үй мәлімдемесіндегі 90 күндік келіссөз мерзімі және өзгеде маңызды мәліметтер туралы айтылмады.
“The Qazaq Times”
4 комментария

4 пікір

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары