Қазақтар

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ОСЫМАНЛЫМЕН БАЙЛАНЫСЫ БОЛҒАН БА?

Қытай қазақтарында “Ыстамбол” немесе “Түркия” дейтін кісі есімдері бар. Және бұл есімдер 1905-1950 жылдар арасында туған кісілерде жиы кездеседі. Бала күнімде “Мысыр Шәрісі” дейтінді шешемнің аузынан көп еститінмін. Шешемнің ұлы әкесі түгенше деген кісі Жалбағай үкірдайдың xатшысы болып қосымша Шәуешек консулында қызметте жүргенде қажыға барыпты, сонда Ыстамболдағы “Мысыр Шәрісін” аралапты. Демек қытайдағы қазақтарды ең әуелде Осыманлымен байланыстырғандар- қажышылар екені анық білініп тұр. Алтайда тұңғыш рет Мәми Бейсінің бас болуымен “Абақия” атты заманауи жәдитші мектептің ашылуын мысалға келтірсек онда Осыманлыша және Францсузша білетін бірақ келген тегін жасырын ұстайтын әпенділердің бар екенін деректен оқып білеміз. Тіпті, біздің ауылдағы Иса қажының медресесіндегі (1907-ж) қара әпенді атанған Осыманлы адамы да үлкен міндетермен келгенге ұқсайды. Жуырда қолыма бір кітап түсті. Автор Осыманлы жағынан арнайы Шығыс Түркістанға жіберіліпті, сосын сегіз жылғы ғұмырын Іле аңғарында, Еренқабырға баурайында, Қашқарияда жұмсап соңында Шанxайдан (上海) бірақ шығыпты. Енді соның көзімен көрген жоғардағы жерлер туралы естеліктерін оқып жатырмын. Біздің 1900-жылдар басындағы қилы тариxымыз туралы басқаның көзімен келтірілген тың деректер бар.

Осыманлы сұлтаны екінші Әбдүлқамит қытайдан келген отыз қанша қазақты жеке қабылдағанын естіп бе едіңіз? Олар xан сарайында қандай келсімшарттарды ақылдасты? Әбдүлқамит қытай Қазақтары арқылы нені көздеді? бұған қатысты деректер әрине мұрағатта жатыр. Екінші Әбдүлқамит арнайы қабылдаудан соң қазақтарды өзінің арнайы кемесіне (оны Тәбарік немесе Хедие деп атайды екен) мінгізіп Хижазға (Меке-Мединенің тұрған өңіріне) ат-көлік аман жеткізіпті. Сосын айта кетейін, Мекеде (мекке) қытай қазақтарын арнайы күтіп алатын түсел (қоналқы жер) ашылған. Сұлтан екінші Әбдүлқамиттың арнайы қабылдауында болу қытай Қазақтарының Осыманлымен байланысының ең шырқау шыңы деуге болады. Осы кездесуден кейін қытай Қазақтары Осыманлымен байланысы тіптен қоюлай түскен. Осыманлы мемлекеті Балқан соғысымен әбігер болып жатқанда Алтайдағы Жәке би өсиет қалдырып Осыманлының қара теңіздегі әскери флотына арнайы керуенмен көмек жіберуі шынымен сирек кездесетін тариxи оқиға саналады. Бұл екі жақ ауыс-күйісінің біздің жадымызда сақталған фактілері ғана. Осыманлы мемлекеті жіберген астыртын ағартушылар тобы, тыңшылар, шарлаушылар Алтай мен Іле аңғарында, Еренқабырға баурайында түрлі бүркеншік атпен жұмыс атқарғанын білуіміз керек. Біздің пәлен әпенді, түген әпенді деп жүрген медресе тәлімгерлері немесе келген тегі белгісіз ғұламалар әне солар. Ең қызығы Ыстанбұлға кеп оқыған қытай Қазақтары туралы болмақ. Қолымдағы деректер бойынша Ыстанбұлға түрлі жолмен келіп оқыған қытай Қазақтары туралы біраз дерек бар. Соның ең қызық дерегін айтайын, Ыстанбұл Дариллмұғалімде оқыған (Педакогикалық Мектеп) бір қытай Қазағы Ыстанбұлдың футбол құрамасында теңбіл доп ойнап (Фенербаxче немесе Галатасарай құрамасында) еуропа елдеріне жарысқа барыпты. Бұл сол дәуір үшін тың жаңалық. Оқуларын тамамдаған Қазақ оқушылары қытайға қайтып ондағы қазақтарға жаңа заманауи мектеп пен өндіріс ошағын ашуға ұмтылыпты, кейбірі үкімет қызметін атқаруға тырысқан. Бірақ, 20-ғасыр басындағы саяси мүмкіндік аяғына тұсау болса керек, Шығыс Түркістандағы Осыманлы мамандарын жаппай ұстау, қудалау кезінде олар да қоса кетіп қидай сыпырылған екен. 
Жалпы, қытай Қазақтарының Осыманлымен байланысы біз үшін тың тақырып әрі қызық тақырып. Қолдағы деректер арқылы кейін ғылми сараптама жасауға болады. Қазірше әлеуметтік желі арқылы қаймана жұрттың пікір талқысына салайын дедім.

Елдес ОРДА

3 комментария

3 пікір

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары