Алматы облысының Панфилов аудандық сотында қытайлық этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға қатысты үкім шықты. Ол Қазақстан шегарасын заңсыз кесіп өткені үшін айыпталды.

1 тамызда өткен сот отырысына шамамен 70-тен астам адам келді. The New York Times, The Wall Street Journal, The Washington Post, Agence France-Presse, француздардың Халықаралық RFI Радиосы және еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот мәжілісі залынан жаңалықты жарыса жариялады.

Судья

Судья Динара Құйқабаева / Фотос informburo.kz

Судья Динара Құйқабаева Сайрагүлді айыпты деп танып, 6 айлық мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырды. Бірақ Қазақстаннан депортациялау түріндегі қосымша жазаны тағайындаған жоқ. Айыпталушы сот залында босатылды.

 

Сайрагүлді жұрт шашу шашып, батырға лайық құрметпен қарсы алды.

Сайрагүл Сауытбай 2018 жылы 15 сәуірде “Қытай мен Қазақстан шегарасын заңсыз жолмен кесіп өтті” деген қылмыспен қамауға алынған болатын.

Сайрагүл сотының хронологиясы

Сайрагүл сотының хронологиясы

Айыптаушы прокурор мен адвокаттың сөзі бір жерден шықты

Арзыгүл Имярова, Сайрагүл Сауытбай ісі бойынша айыптаушы прокурор: “Іс-әрекетінде қылмыстық жазаны ауырлататын жағдайлар болмағандықтан, оны Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1 бөлігінің “Мемлекеттік шекараны заңсыз қасақана кесіп өту” бабы бойынша кінәлі деп танып, алты айға бас бостандығынан айыруды, бірақ оны шартты жазаға ауыстыруды және алты ай пробациялық бақылауға алу жазасын кесуді және сот залынан босатуды сұраймын” деді.

Гособвинитель Арзыгуль Имряева

Мемлекеттік айыптаушы Арзыгуль Имряева / Фото Алмаз Төлектікі

Одан кейін жарыс сөзге шыққан Сайрагүл Сауытбай мен оның адвокаты Абзал Құспан прокурор сұраған жазамен келісетіндерін мәлімдеді.

Сайрагүл: “Қытайда құқы тапталып, заңсыз сотталып жатқандарды көрдім”

Сотта Сайрагүл Қытайдағы “Қайта тәрбиелеу орталығы” деп аталатын лагердің түрме екенін қайта-қайта ескертті. Өзінің балабақша меңгерушісі болғанын, кейін аталмыш лагерде жұмыс істегенін айтты.

Сайрагүл сотта сөйлеген сөзінде:

– Күйеуім мен екі баламның Қазақстан азаматтығын алғанын бетіме салық етіп, “екі жүрек” деп айыптады. Төлқұжатымды тартып алып, Қазақстандағы балаларымды көруімді шектеді. Тіптен, аталмыш лагерге жіберу туралы шешім шығарды. Егер 4-5 күн кешіккенімде, түрмеге қамар еді. Соны білген соң, өзім жақсы араласатын Ян Юн деген қытай полициясы мен бір ұйғыр жігітке 40 мың юань ақша беріп “Шегарадан өтуге рұқсат қағазын” сатып алдым. Сол арқылы Қытай шегарасынан өтіп, Қазақстанның аумағына кірдім. Қытайға қайтарылсам, құпиясын ашқан адам ретінде қазірдің өзінде “өлім жазасына кесілетінім” белгілі, – деді.

Сайрагуль Сауытбай общается с сыном

Сайрагүл Сауытбай ұлымен сөйлесіп отыр / Фото Алмаз Төлектікі, informburo.kz

Осыдан бұрынғы сот отырысы кезінде Сайрагүл өзі істеген лагерде 2500-ден астам қазақ азаматының қамауда отырғанын хабарлаған болатын.

Абзал Құспан, адвокат:

– Бұл жерде бір ғана қазақтың – Сайрагүлдің тағдыры ғана емес, Қытайдағы мыңдаған қазақтың басындағы жағдай таразыға түсіп тұр деп есептеймін. Ауыр қылмысқа жатпаса да, бұл іс бойынша шешім шығару өте қиын. Мемлекеттік айыптаушы ұсынған жазамен келісіп, Қытайға қайтармауды сұраймын.

Біз бір ғана қазақты құтқардық. Қалғаны үшін де күресеміз

Германияның Мюнхен қаласынан хабарласқан қандасымыз, қоғам қайраткері, құқық қорғаушы Өмірхан Алтын сот шешіміне қанағаттанғанын білдіріп, қуанышты сәлемін жеткізді:

– Сайрагүл соты – Қытайдағы қазақ сынды аз халықтарға қысым жасалып жатқандығының дәлелі. Осы сот барысында әлемдік құқық қорғау ұйымдары, Германияның құқық қорғау ұйымы Президентке, Бас Прокуратураға хат жолдады. БҰҰ жанындағы босқындар ісі жөніндегі комитет мамандары да үнемі хабарласып, алаңдатушылық білдірді. Сайрагүлдің тағдырын бастан кешіп жатқан мыңдаған қазақ пен басқа да аз санды ұлттардың өкілдерінің қазіргі жағдайын ел осы Сайрагүл арқылы білді, түсінді. Бұл Қытайдың жалпыға бірдей адам құқықтарын қалай таптап жатқандарын көрсетеді. Сондықтан күрес ары қарай жалғаса береді”.

Қазақстан тарихындағы ең үлкен халықаралық сот қазақша өтті

Сайрагүл Сауытбайдың ісі туралы Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігіне “Сайрагүлді Қытайға қайтармауды” талап етіп, мәлімдеме жасаған болатын. Онда Қытайға қайтарылса, Сайрагүлдің “өлітіріл кетуі” мүмкін екенін дәйек еткен.