Санатталмаған

ҚАЗАҚ БИЛІГІНІҢ ҮРЕЙІ—СЕРІКЖАН БІЛӘШҚА НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ БЕРІЛУІ

Желдің үп еткенінен де, көлеңкесінен де қорықып отырған қазақ билігі — соңғы күндері халықтың өзіндік жеке көзқарастарының оянуы мен ашық талап-тілектері оларға үлкен əрі тың үрей тудырып отыр. Бұл үрей бұған дейінгі өзге үрейлерден өзгешелеу. Ашынған қазақтың толассыз наразылықтары онсыз да өз xалқынан мүлдем алысқа ажырап қалған қазақ билігін барған сайын қазаққа жау қылып барады. “Қазаққа жақындайын, қалін білейін”- деген билік өкілдерін көрмедік. Ереуілдерден есі шығып отырған билікті Арыстағы апат есеңгіретіп тастаса, енді міне Нобель деген бәле шықты. Әміршіл, бұйрықшыл жүйе өздерінің қателігі үшін Әлемдік Қауымдастық алдында масқара болғалы отыр. 
Қазақ билігінің тот басқан ескі роботтарының ішінен “өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай” бұл “Нобель дағдарысынан” аман алып шығатын бір пысықай шыға қояр ма?! Әй, қайдам! Бірін бірі аңдыған кландар бір-бірінің адымын аштырмай отыруы да мүмкін. Қазақтың намысын қорғаймын деп қазақ билігінің кәріне ілігіп, наурыздан бері үйқамақта отырған 
Серікжан Біләшұлын халық xалықаралық Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынып жатыр . Бұл, ту баста ғалым, жазушы, журналист, профессор, қоғам белсендісі-Қуандық Шамаxай жағынан Серікжанның кезекті бір сот отырысы кезінде ортаға қойылған еді. Іле-шала Осы мақсатты қолға алған жұрттың Астана іргесінде бір күннің ішінде мыңдаған адам қол қойған ірі жиналысы өтіп үлгірді…..
Астанадағы атышулы жиналыстың дүмпуі алыстағы Америкаға жетіп үлгірді. Америка конгресіне тіке қарасты “Еркін Еуропа және Азат Азия Радио Блогі” бұл xабарды таратып үлгірді. 
Батыс ақпараты бұл xабарды іліп ала жөнелгенде, “Дат” газеті мен “Замана” газеті де қазақ тілді оқырманға дабыл қағып үлгірді. YouTube пен Facebook Арыс құсап өртенді де кетті. Арыстағы жарылысты әртіс маймылдары мен тілі кісендеулі қызыл молдаларды арқылы алдаусыратып өшірмек болған билік жарылғыш жасаумен аты шыққан Нобельдің Серікжанмен қосылған жарылысын қалай өшірерін білмей дал болып отыр. Серікжан мәселесінде 
Қазақ билігі дәл қазір басы қатып, миы ашып, әңкі-тәңкі болып отыр. “Серікжан танкісі” билікті әңкі-тәңкі етті.
Биліктің алдында екі түрлі таңдау тұр. Серікжанды соттау-алпауыт батыспен ұстасу, жау болу деген сөз. Оған биліктің бір жері шыдамайды. Батыс жүйесі қазақтың ұрдап-жырдап шетел асырған миллиардтарын бұғаттап-ақ үрейін ұшырып отыр. Серікжанды бостандыққа жіберсе, Қытайдан қылғытқан юаньдарды қайта құсуға мәжбүр болады. Ол да билікке ұнамайды. Серікжан ісінде “жұтып алған” Қытай юаньдарын кері құспайтын һәм Батыстың қаһарына ұшырмайтын үшінші бір жол бар ма?
Міне, гәптің зоры мен шоңы осы арада.
Математикадағы “ықтималдық теориясы” бойынша есептегенде дәл осы сәтте Серікжан Біләшұлына Нобель сыйлығының берілуі мен берілмеуінің ықтималдығы елу де елу. Бұл бейне теңгені лақтырғанда оң бетімен түсу мүмкінідігі мен сол бетімен түсу мүмкіндігінің бірдей елуде елу болатыны сықылды әңгіме. Ал, зәудеғалам қазақ билігі Серікжанды соттай жатса, оның өзінде де Серікжанға қазіргі тағылып отырған айып бойынша, ашалап айтсақ, Қазақстанның Қылмыстық Істер Кодекісінің 174-бабының 2-тармағы бойынша соттаса, онда Қазақ билігі Серікжанның Халықаралық Нобель бейбітшілік сыйлығын алуына көмектескен болады. Ондай жағдайда Нобельдің берілу мүмкіндігі 100%-ға жетеді.
Нобель бейбітшілік сыйлығын Осло қаласындағы Нобель комитеті береді. Бұған дейін Қытай билігі түрмеге жапқан құқық қорғаушы Лю Сяобо осы мәртебеге ие болды. Серікжан да осы Лю Сяобо секілді Нобель алуы бек мүмкін. Ең бастысы әлем қауымдастығы Нобель сыйлығын алғанға дейін Людың кім екенін білген де жоқ. Людың атағы Нобель алған соң ғана шарықтады. Ал Серікжанның атағы бұған дейін-ақ әлемдік қауымдастық алдында аспандап үлгіргенін ескерсек, Нобель Серікжанға еш күмансыз бұйырып тұр деуге толық негіз бар. Серікжан атақты емес, оның айналысқан ісі атақты. Күллі адам баласы көз тігіп отырған Қытайдағы концлагер мәселесі тура осы Секең бастаған Атажұрт Еріктілері Ұйымының жанкешті де жапалы істерінің нәтижесінде айдай әлемге паш болды.
Американың Мемлекеттік Істер Хатшысы Майк Помпео Сәуірдің 26-шы күні ҚР ҰҚК төрағасы К.Мәсімовты Вашингтонға шақырды. Бұл туралы АҚШ-тың Ресми баспасөзінің өзі xабарламаса, біз бұл кездесудің болғанын білмей де қалар едік. Майктың “мұртыңды көрейінші” деп немесе “кәуәп пісіріп берші” шақырмағаны белгілі. Билік жақты жағалағыш ұзынқұлақтардың айтуынша үшбу кездесудегі басты әңгіме Секең туралы болыпты.
Мұның барлығы он шақты xалықаралық ірі ұйым Серікжанды шартсыз түрде босатуды талап етіп ҚР билігіне ашық xат жазып жатқан кезге тура келеді. Серікжан тұтқындала сала тұтас батыстың қабырғалы, белді басылымдары жарыса жазып кетіп еді.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали айтпақшы, Серікжан өз миссиясын орындап қойды. Әзімбайдың Серікжанға берер бағасы өте зор. Серікжанды билік соттаса батыстың санкциясына ілінеді дейді Әзекең. Қазақтың саяси сауатын көтерген үш үлкен оқиға болды дейді Әзімбай Ғали. Бірі-Желтоқсан Көтерілісі, екіншісі-Серікжан Біләштің құқық қорғау қарекеттері, үшіншісі- 2019-жылғы Сайлау. Әзімбай анау-мынау адам емес, Ауызы дуалы саясаткер. Әзекеңнің Қызыл империяның қабырғасын қақырата сөккен Желтоқсан Көтерілісіне Қытайдың Қызыл Империясын Әлемдік Қауымдастық алдында тізе бүктірген Серікжан Біләштің ісін теңестіре сөйлеуінің мәні мен мағынасы зор. 
Қалай болмасын, Серікжанды соттау мен соттамаудың қақ ортасынан жол таппақ болған Қазақ билігі дәл осы күндері не істерін білмей дағдарып отыр.
Дəл қазіргі процесс билік пен Серікжанның арасындағы шахмат ойыны тəріздес.
Биліктің Серікжаннан тағы бір қорқатын тұсы- оның халықты артынан ерте алатындығы.
Билік үшін Серікжаннан құтылудың ең ұтымды жолы-Серікжанды шет ел асыру. Ал Қазақстанда қалса оның қолдаушылары көп.
Сатылмайтын, “әртіс” болмайтын, саяси жезөкше тіптен болмайтын Секең биліктің тағы бір қорқынышы болып отыр. Яғни “Серікжан жүрісі” “шахтың” алдынағы тағы бір күрделі қадам болып тұр. 
Секеңді шетел асуға көндіре ала ма?! Өзі сүйген қазағынан алыстап, шетел асып кетуге Серікжанның келісе қоймасы анық. Демек, Билік алдында төрт түрлі таңдау бар. 
1. Серікжанды Соттау, қытаймен ауыз жаласып, батыспен жауласу, санкцияға іліну, миллиардарды бұғаттату. 
2. Серікжанды шартсыз түрде босату. Секең бұған келіседі. 
3. Серікжанды шетел асыру. Серікжан бұған келіспейді. 
4. Серікжанның Қытайдағы қазақ мәселесін көтеруіне тыйым сала отырып шартты түрде босату. Секең бұған да келіспейді.

Жə, сөз осымен тамам. Қазақ билігіне жаным ашып отыр. Көтере алмайтын шоқпармен жағаласпауы керек еді.

Авторы: Шәріпxан Қайсар

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары