Санатталмаған

ҚАЗАҚ БИЛІГІ СЕРІКЖАН БІЛӘШТІҢ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУЫНА КӨМЕКТЕСТІ

2019 жылдың 10 наурызына дейін Серікжан Біләш жәй ғана геноцидтік саясатқа ұшыраған Қытай қазақтарының құқығын қорғаушы әрі қоғам белсендісі еді. Осы мәселені ең алғаш көтеремін деп ниеттеніп, Қазақтың барлық саясаткер, шенеунік, телеарна, журналист, жазғыш-сызғыш ақыны бар, жазушысы бар,әншісі бар, күйшісі бар, әулие-әнбиесі бар түк қоймай кезігіп, назарларын аударуға тырысыпты. Бірақ ешқайсысы елең ете қоймады. Қызық болғанда Қазақтың қырылуына қазақ емес, шетел назар салыпты. Шетел журналистері, атақты басылымдар Алматы қаласындағы КӨК БАЗАРдың бұрышындағы аядай офиске балға үймелеген арадай толассыз ағылады. Жұмыс қызып кетті. Тіпті мұншалықты қарбалас жұмыс Қазақтың менмін деген басылымында немесе телеканалында болған емес. Жылаған, зарлаған, жоқтаған ел, шетелдік тілшілер, аудармашылар, операторлар, арызданушылар, Қытай конц. лагерінен шығып келген жәбірленуші, туысы Атажұрт еріктілерінің арқасында елге оралып, алғыс айтқалы келген ел және тағысын тағы құжынаған адам. Сол кезде Атажұрт Еріктілерінің YOUTUBE каналының көрілімі Қазақстанның барлық телекналынан жоғары болды. Осының барлығын ұйымдастырып,бір жерге ұйыстырып, қиюы мен қисынын келтіріп отырған Серікжан Біләш еді. Адам көп жерде ұрыс-керіс, дау-дамай болатыны сөзсіз. Серікжан ондайларды болдырмауға тырысып, елге бір-бірін «Ешкіні апа, текені жезде» деуді үйретіп, көп адаммен болған жұмыстың жемісті болуын, Қазақ басына туған зұлматты әлемге паш етуді мақсат етіп қойған. Қазақ басылымы мен телеарналарында жылт етпеген Қазақтың қасіреті, шетелдік Washington Post, New York Times, BBC, CNN, Al-Jazeera, The Telegraph, Associated Press сынды атақты басылымдарда бірінші бас бетінде қою жазумен тайға таңба басқандай боп тұрды. Бұл сияқты газеттер мен басылымдарды АҚШ Президенті Дональд Трамптың өзі әжетханада отырып оқиды деген сынды қалжыңдар да бар.
2019 жылдың 10 наурызында Қазақ Билігі болжам бойынша Қытайдың тапсырысымен Серікжан Біләшті белгісіз жағдайда Алматыдағы қонақ үйдің бірінен Астанаға ұрлап әкеткен болатын. Қазақ билігінің ойында Серікжан деген жәй бір адам, қалпақпен ұрып құлатып, соттап жібереміз де, тапсырыс берушіден қомақты сыйақымызды аламыз деген ой болды. Әйтпесе Серікжан қазақ билігіне ешқашан қарсы келген, тіпті сындаған да емес. Заңға да қайшы әрекет жасамаған. Олар Серікжанның кім екенін, егер оны ұстаса салдарының қандай болатынын болжай алмады. Серікжан ұсталған соң бір тәулік өтпей Батыс ақпараты ұлар шу болды. Ол туралы баспаған, жазбаған, айтпаған дерек көзі тек Батыста емес, әлемде қалмады. Алыс шығыс елдерінен де журналистер арнайы келіп, аудио және видео ақпарат жинап, басылымға шығарды. Кейбіреулері тіпті документалды кино да жасап үлгерді. Сол сәтте ғана Қазақ Билігі кімді ұстағанын бірақ түсінді. Тығырыққа тірелген Қазақ Билігі шығар тесік таппай, әлем алдында қалай ақталарын білмеді. Себебі шетел журналистерінен бөлек мемлекетке Серікжанның ісі туралы хаттар мен сұраулар көбейіп, OSCE, БҰҰ секілді халықаралық ұйымдардың жиындарында да Серікжанның аты аталып, талқылана бастады.Қазақстандағы шетел Консулдары да Атажұрт мүшелеріне хабарласып, дөңгелек үстел өткізетінін хабарлап үлгерді. Осындай заңсыздықпен әлем алдында масқара болған, өзі тығырыққа тіреліп отырған Қазақстанның су жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда АҚШ Президенті Трампқа «сауда соғысы арқылы Қытайды тығырыққа тірей бермеуін өтініп» мәлімдеме жасады. Бірақ Серікжанның халықаралық деңгейге көтеріліп үлгерген ісін шешуге асықпай, үйқамақ мерзімін ұзарта берді. Тіпті сорақысы, екі жыл жүгіріп Серікжан Біләш тіркей алмаған ұйымды Атажұрт Еріктілеріне қатысы жоқ біреулерге «Атажұрт» деген атпен 1 айда тіркеп беріп, солардың аузымен «90% Қазақ лагерьден босатылды, тек паспорттарын ала алмай отыр. Ол жақта жағдай жақсарды» деп айтқызды. Артынша Қытайдың Қазақстандағы дипломатия мен мәдениеттіліктен жұрдай бас елшісі қытай қазақтарының жағдайын сұраған Қазақстан тілшілеріне «Қытайда ешқандай лагерь жоқ, бәрі жалған ақпарат, оны кім айтты сендерге?» деп дүрсе қоя берді. Ашық ақпаратқа осы сөздер шыққан заматта, бұл мәселеге қызыққан тілші тіпті көбейді. Жақында Жапонияның ең атақты басылымы THE ASAHI SHIMBUN деген күніне 7 миллион тиражбен шығатын басылым тілшісі келді. Ол маған өте қызық жайтты баяндады. Бұл тілші Қытайдағы қазақ мәселесіне қызығып Алматыға келмек болғанда, Атажұрт деген тіркелген ұйым «90% Қазақ лагерьден босатылды» деген мәлімдеме мен Қытай консулының лагерь туралы ақпаратты жоққа шығарғанын оқып, «мен кешігіп қалған екенмін, бұл мәселе жабылыпты» деп ойлапты. Артынша «егер бәрі жақсы болса, Серікжан неге тұтқында? Оны неге босатпайды?» деген ой заңды туындапты. Сол сұрақты зерттей келе, бір шикіліктің барын сезген тілші арнайы Алматыға ұшып келеді. Мән-жайды анықтаған тілші, Атажұртты басқа біреуге тіркеп, соның аузымен әлемді алдап отырғанын түсінді. Қазақ билігі елді алдаймыз деп бұл мәселеге шетел ақпаратын тіпті қызықтырды.
Осы орайда мақалаға өзек болған нәрсе Серікжан Біләшті ұстаған сәтте Қазақстанға ескерту жасап, сайтына жарияланып үлгерген Норвегия-Хельсинки Құқық Қорғау Комитетінің мәлімдемесі еді. Бұл мақалада Серікжанның қандай іспен айналысқанын, ол көтерген тақырыптың өзекті екенін, және Қазақ билігі оған өтірік жала жабуын тоқтатып, тез арада шартсыз босатуын талап еткен.
Енді басты мәселеге көшейік. Қазақ Билігі Серікжанның Нобель Бейбітшілік сыйлығын алуына қалай көмектесті және Норвегия-Хельсинки Коммитетінің мәлімдемесінің оған қандай қатысы бар? Википедияны ашып қарайтын болсаңыз, Нобель сыйлығы жыл сайын әйгілі ғылыми зерттеу, революциялық жаңалықтар немесе мәдениет не қоғам дамуына зор үлес қосқан адамдарға берілетін халықаралық сыйлықтардың ішіндегі ең әйгілісі. Оны жәй адам ала алмайды, және оған ұмтылатын, дәмететін адамдар да өте көп. Нобель сыйлығы 5 бағыт бойынша беріледі: әдебиет, физика, химия, медицина және Бейбітшілік. Онымен қоса қомақты қаржылай сыйлық та ұсынады. Ең бастысы Нобель сыйлығы Щвеция мен Норвегия мемлекетінде беріледі. Оның ішінде Бейбітшілік сыйлығы Норвегияның астанасы Осло қаласында, ал қалған бесеуі Щвецияда беріледі. Жоғарыда атап өткенімдей Норвегия-Хельсинки Құқық Қорғау Коммитеті осы уаққа дейін Серікжан Біләш туралы 3-4 мақала басып үлгерді, және оның атқарған ерен еңбегін түгел атап өтті. Ал өздеріңіз білетін Сайрагүл Сауытбайды Швеция мемлекеті БҰҰ-ның тікелей араласуымен сот болып жатқан кезде, аяқталуын күтпей, өздері ұсыныс етіп, саяси баспана беріп, отбасымен түгел алып кеткен болатын. Халықаралық Құқыққорғаушы Айман Умарованың айтуы бойынша соттың аяғын күтпей өздері ниет білдіріп, саяси баспана береміз деп шақыру сирек жағдай. Сайрагүлдің жуырдағы әлеуметтік желідегі тікелей эфирінен аңғарғанымыз, Швеция Үкіметі барлық жағдайын жасаған, 6 бөлмелі үй берген, күйеуі екеуін тіл курсына, ал балаларын мектепке орналастырған, тіл курсын аяқтаған соң жұмысқа орналастыратынын айтып, ықтияр хатын берген. Уақыты толған соң Швеция азаматтығын алатындарын айтқан. Тікелей эфирде Сайрагүл өзіне қатты әсер еткен жайтты баяндады. Ол маған да қатты әсер етті. Сайрагүл Швецияға келгенде АҚШ университетінің бірінде профессор, ұлты швед Магнус деген кісі үйіне келген екен. Ол ең алғашқы болып швед баспасына «Швецияға қош келдің, Сайрагүл» деген мақала жариялапты. Кейін көлігімен келіп Сайрагүлді отбасымен бірге қаланың ең жақсы жерлерін аралатып, көрсетіпті. Бір кезде ол Сайрагүлге «Мен өз елімнің тек өз халқына ғана қамқор болып қоймай, ұлты басқа сен сияқты пана іздеген адамдарға қорған болғанына қатты қуанамын. Мен өз еліммен, өз ұлтыммен мақтанамын» деген екен. Бұл сөздер Сайрагүлге қатты әсер етіп, не қуанарын, не жыларын білмей қалады, ұялып та қалады. Тікелей эфирде жылап та алды. «Отанымнан маған оймақтай орын табылмағаны өкінішті» деді. Бірақ ең бастысы ол бостандықта, әрі қауіпсіз жерде. Ал Сайрагүлдің тағдырының осылай шешілуіне ықпал жасап, әлемге танытқан кім? Әрине Серікжан Біләш. Алғаш Сайрагүлді полиция тұтқындап, Қытайға қайтармақшы болғанда қайнысы мен күйеуі Серікжанға мәлімдеген болатын. Өз кезегінде Серікжан оны тікелей эфир жасап барлық шетелдік журналистер мен консулдарға хабарлаған. Астыртын Сайрагүлді Қытайға депорттап жіберіп, сыйақыларын алғысы келгендердің жоспары іске аспай қалды. Соңы Сайрагүлдің Швецияға қоныстануымен аяқтады. Ал Серікжан өзін тұтқындаған КНБ қызметкерлерінің «Сайрагүлге бекер көмектестің, сол үшін өзің тұтқындалдың» дегенін өз аузымен сотта айтқан болатын. Ал енді, Нобель Сыйлығына үміткелер әр жылдың қаңтар айында тізімделетінін білеміз. Бірақ 2010 жылы әлдебір адамға тағайындалған Нобель сыйлығы жыл ортасында шешім өзгеріп, Қытайдың демократ Құқыққорғаушысы, әдебиеттанушы Лю Сяобоға бұйырды. Себебі ол Қытайдың зұлым саясатына қарсы шығып, түрмеге түскен болатын. Осы жерден байқағанымыздай, Серікжан ісі Норвегия және Швеция мемлекетіне мәлім. Жыл басында үміткер тағайындалса да, лайықты басқа адам шықса кез-келген сәтте шешім өзгеретінін де көрдік. Сондықтан, әлемдік деңгейдегі Құқыққорғаушыны қамау арқылы Қазақ Билігі Серікжанның атағын тіпті аспандатып, Нобель сыйлығын алуына үлкен еңбек сіңіріп, көмектесті, және сыйлық алу мүмкіндігін 75%-ға дейін арттырды. Шындық шіркін ащы ғой. Жасырып, бұқпаласаң да шындық шыңғырып тұрады. Серікжанның негізгі мақсаты Нобель алып, атақ жинау емес. Нобель алса Қазақтың қасіретті тағдыры мен Қытайдың зұлымдығын әлемге әшкерелей түседі, қандастарымызды құтқарады. Басқа түспеген соң көбіміз сезіне бермейміз, бірақ Қытайдағы Қазақтардың XXI ғасырда көрген геноцидтік қырғынын бұрын соңды тарихта ешкім көрген жоқ. Мұншалықты ауыр саясат болған жоқ. Және бұл саясатты Қазақ Билігінің ішінде Серікжанды тұтқындау арқылы, Сайрагүлге азаматтық тұрмақ саяси баспана бермей, тентірету арқылы қолдап отырғандардың бар екені дәлелденді. Ел тізгінін ұстағандардың ішінде осындай ұлт сатқындары болса, біз Тәуелсіз мемлекет болып қаламыз ба, Қазағым?

Авторы: Құралай Бекәділ (Ватсаптан келді)

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары