Атажұрт

ҮРГЕН ҚАРЫН

Мұхтар Мағауин

     ҮРГЕН ҚАРЫН

Күнсіздерге Күн болған,

Жер жүзінде Нұр болған,

Ақылдың кені Данышпан!

Соры қалың Тілім деп,

Мың сан жаумен алысқан,

Алпамыс пен Қобыланды,

Хазіреті Ғалидан

Асып туған Арыстан!

Өлең, дастан, ұраны

Дабылдаған ғарыштан,

Адамзаттың Алыбы,

Бар қазақтың Жалғызы –  Асылы сенсің, Шаханов!!!

«Тіл жанашырлары» қауымдастығының  гимні.

Адамзаттың Алыбы

Еуропада баяғы Мүңхаузеннің қияли хикаялары жақсы мағлұм. Жиханкез барон астындағы тұлпарымен қоса батпаққа түскен кезінде өзін өзі шашынан тартып, ат-матымен құрғаққа шығады; мылтығының бытырасы таусылғанда, шиенің сүйегімен оқтап, бұғының маңдайына жеміс ағашын өсіреді; əлденеше үйректі қатарынан, арқандай атып, көкке ұшып, саяхат жасайды… Тағы қаншама қисынсыз, бірақ тартымды əңгіме. Оқыған, естіген жұрт мəз болған. Ешкімге зиянсыз, бейкүнə хикаялар. Бала кезімізде қамтыған алғашқы кітаптардың бірі, біз де алыстағы бұрынғы-соңғы жұртпен қоса тамашалап едік.

Əйтсе де, өзіміздің Тазша баланың «Қырық өтірігі» əлдеқайда қызғылықты көрінген. Кең сақарада еркін өскен қазақтың қиялы шексіз бай. Тазшаның əрбір бабы күлкілі ғана емес, əсерлі, мейлінше тапқыр. Міне, сол қырық өтіріктің бірі:

«Керегенің басында үрген қарын,

Көтердім балуандықпен соның бəрін,

Түйеге төстеп барып қойғанымда,

Мертікті көтере алмай, қара нарым…»

Бұрнағы аңқау қазақ, оқымаған, саясаттан бейхабар, жабайы қазақ қиюадан қиысқан осыншама өтірікке ішегін тарта қайран қалған. Жадырап күлген. Бүгінгі оқыған, білімдер, саясатқа жетік, дана қазақ та демі бітіп тұншыға таңырқайды. Өтірікке емес, шынға, – жойпар күшті атан түйе көтере алмайтын үрген қарынды деңгелек айналдырған бүгінгі заманның шашты баласы – баяғы Тазшадан озған, Сексен өтірікті Суайтқа. Оның бар ертегісі – өтірік емес, шын екен. Жер шарын қалай төңкеріп кетпей тұр деп қайран қаласыз. Біздің Шахаң. М.Шаханов. Мінекиіңіз. Мінекиіңіз емес, əнекиіңіз. Біз тізбелеп берген, бастан-аяқ нақты, өз сөзінен құралған «Ғаламат ғұмырбаянның» кез келген үзігіне түсіңіз. Біз топтамай-ақ, əуел бастан жұртшылыққа кеңінен мағлұм еді. Əуелде өзі айтқан, баспасөзде, электронды ақпарат бетінде жапырлай шыққан, содан соң жалпы жұрт риясыз қабылдап, қалтқысыз сенген жəне жиырма жыл, соңғы ширек ғасыр бойы құран сөзіндей қайталап келеді. Осыншама Алып Тұлғасы бар қазақ қандай бақытты! Баяғы, «Колбині бар қазақ – ақжолтай екен» – дейтін «Адамзаттың Айтматовы» далада қалды. Ұлы ақын, тарихта теңдесі жоқ Қайраткер! Аз-маз күмəн келтіріп көріңіз – жапырлай ұмтылып, тескентаудан өткізіп жібереді. Басыңнан бақайыңа дейін былғанғаны ештеңе емес, жан кеудеде, аман кеткеніңе шүкіршілік айтады  екенсің. Дəурен Қуат сияқты былапыт бас редактор, алпауыт жандайшаптары осымен тоқтаса. Жəне мың сан жанкүйері. Тоқтамайды. Өйткені, біздің Шахаң – жер əлемдегі ең «шыншыл адам Мүңхаузеннің» өзінен өткен адал, турашыл, һəм ақиқат жолынан айнымас, Алып Тұлға. Қандай да күмəн тууға мүмкін емес. Не айтса да халқына құба-құп. Сондықтан не істесе де қабыл алуға міндеттісіз.

Міне, біздің Шахаңның жалпы жұрт, бар қазақ, бүткіл əлем мойындап, маңайына жазған атақ-дəрежелері:

«Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік əлем Ақыны.»

«Түркі əлемі Зиялылар одағының» төрағасы.»

«Нобель сыйлығының Алтын медалінің» лауреаты.»

Əлемнің бір жүз жиырма елінің атаулы марапаттарының иегері.»

Мұндай ұйым да, сыйлық та, атақ та жоқ, жоқ мəртебені кім берген, қалай алған деп сыздықтап көріңіз – шыншылға жақтас мың сан жұрт қолмақол көк есекке теріс  мінгізбек, сондықтан ешкім де батылы барып, ауыз аша алмайды.

Шахаңның қазақ халқы алдындағы жанкешті, алапат ерліктері шиге тізіліп тағы тұр:

«Арал теңізінің құрып кетуіне жол бермеген.

Наурыз тойын қатарға қосқан.

Қазақ тіліне Мемлекеттік мəртебе əперген.

Ана тілімізді біржола жойылып кету апатынан сақтап қалған.

Қазақ ұлтын жоққа айналдыратын «Қазақстандық ұлт» дейтін аждаhа қағидадан арашалап қалған.

Қазақтың жері сатылғалы жатқанда кеудесімен тіреп тоқтатқан.

Шығармаларының таралымы Абай мен Əуезовтен де озып, əлемнің сексен тіліне аударылған.

Өлең-жырларын Жапонияда – жапон, Германияда – неміс, Францияда – француз, Испанияда – испан, Россияда – орыс жастары əр жерде жиналып, хорға қосып, жатқа айтып тұрады.

«Шығармаларын ЮНЕСКО арнайы талқылап, тоқсан тілге аудару туралы қаулы шығарған, əлемдегі жалғыз ақын.

Шаханов туралы жер жүзінің ондаған тілінде мыңдаған зерттеу еңбектер жазылған, оның ішінде тек Германияда ғана, Шаханов пен оның қосшысы болып, соңынан сүмеңдеп жүрген Айтматов өз көзімен көрген, төрт жүзден астам мақала бар екен…»

Кішіпейіл, қарапайым ұлы адам əлемдегі бар атақты жалғыз өзі ала бере ме, ынсап сақтап, беріп тұрған жерінен алмай қойған жағдайлары да көп: «Қазақстанның Халық Қаһарманы атағынан бас тартқан.

Əдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ризашылық бермеген.

Миллиардер болуға мүмкіндігі жетіп тұрса да, арам байлықтың қажеті жоқ деп, завод, фабрика, жер телімдерінен безініп, өзінің азаматтық арын таза сақтаған.»

Шахаң қаншама сыпайы болса да, алғысы келген бір атағы бар екен. Нобель сыйлығы. Ала қалса, қазақтың даңқы көтерілмек. Бар тетігі кеңінен талқыланып, атаулы қаулы шыққан, енді жалпыға жария кезеңінде тұрған Нобель сыйлығы аяқ астынан бұйырмай қалыпты. Кінəлі – біздің қазақ ішіндегі көре алмастар. Шахановтың Нобель лауреаттығы туралы мəселе оңымен шешіліп қойғанын əлдебір құпия каналдар арқылы біліп қалған халық жаулары қатарынан сексен газетте жалалы мақалалар ұйымдастырып, дайын қаулыны бұздырады. Манадан бергі – қаһармандық, лауреаттық, үздік ақын, төрағалық, шет елдік бір жүз жиырма марапат – бəрі де күмəнді дегендей, теріс рай танытып отырмыз ғой, дəп осы ретте, Шахаңның өз жолымен шындықты шырқыратып айтпасқа, өткен қателікті қылша мойнымен көтеріп алмасқа амал қалмады. Иə. Шахаңның Нобель сыйлығы шешіліп қойған болатын, қырсыққанда, осы мезетте Мұхтар Мағауин майданға кіреді. Сексен газеттегі тоқсан терістеме өз алдына, енді, уақыт өтіп кеткен соң өкінішпен мойындауға тура келеді, осы Мағауин, яғни мына Мен, тікелей, тұпа-тура Швед Академиясының ғұзырлы мүшелерімен жекежеке хабарласып, бітіп тұрған игілікті шаруаны жоққа айналдырған едім. Əттегене, оңалмас қателік болды. Қатеміз – даңқты адасымның адал сыйлықтан қағылуы емес, бəрі қолда тұрғанда Өзім ала салуым керек екен!..

Міне, дəп солай. Шахаңның берідегі Қаһарман мен Мемлекеттік тұрыпты, арыдағы Нобеліне сенген жұрт мына маған да сенуге тиіс. Əйтпесе, тепе-теңдікке көлеңке түседі, Шахаң сияқты біздің де шыншылдығымызға күмəн туады.

Сексен өтірікті Суайт

Сыпайылап отырмыз. Алыпты риясыз қадір тұтқан халқымыздың көңіліне қарап. Əйтпесе, ақыр түбі ұлтқа қарсы қылмысқа барып тірелетін тағы қаншама атау тұр.

Біздің бұл реткі Сексеннің баяғы Мүңхаузеннің балдырағы мен Тазшаның қырық қайырымынан түбегейлі, сапалық артықшылығы бар. Мазмұн мен сан ғана емес. Шынайы, күмəнсіз болмыс-бітімі. Нақтылап айтсақ, берісі Қазақстан, арысы – Қытай, бəлкім, тағы бір алыс шет елдегі қалай санасаңыз да жер басқан пəленбай миллион қазақ атаулының берік сенімі. Шахаңның шындығына бас ұра табыну. Олай емес деп көріңіз. Мана айттық, жаныңызбен қайғы болып кетесіз. Мəселен, алысқа ұзамай-ақ, өзімізді айтайық. Айтпаймыз. Əңгіме аяғы созылып, қара жер көлемінен шығып кетуі мүмкін. Ақталып жатыр деп ойлайсыз. Шын мəнісінде, ақталу мүмкін де емес. «Шахановпен тайталасып, бақ санасатын бұл Мағауин деген кім сонша!» – деп жазды шекараның арғы беті, Қытайдағы қазақ. Жəне кім екенімізді нақты танытып берді. «Мағауинді он орап алатын ондаған қазақ бар біздің өзімізде…» Қатты қуандым. Шыңжаңда Мағауинді он орап алатын жиырма-отыз жазушы болса, бұл – ұлтымыздың ерекше бақыты емес пе. Өзімізге үйреншікті орыс өлшемімен алсақ, он Толстой, он Тургенев, жиырма шақты Бунин мен Набоков. Бүткіл əлемнің алдында тұр екенбіз. Бүгінгі бардың ең жаманы – Мағауин. Əрине, тым жаман емес, басқа Алыптармен салыстыра қарағанда. Бұған ризасың. Əлгі ондаған кереметпен теңеспей, тіркесіп, жанасалап жүрсек те ұпайымыз түгел. Алайда, бұдан соңғы лепеске ойланып қалдық. «Шаханов сияқты ұлы тұлғалар мың жылда бір-ақ рет туады!» Бұрнағы ұлылардың өлшемі – елу жыл, жүз жыл болатын. Енді міне, мың жыл! Бұл – арыдағы ғана емес, берідегі қазақтың да кəміл сенімі. Осы кеше ғана «ДҚу-кз» деген сайттан оқыдым. Иə, тоқсан тоғыз, немесе тоғыз жүз бірдеңе емес, тұпа-тура мың жыл. Енді айтар сөз де жоқ. «Керегенің басында үрген қарын» – біз ойлағандай небəрі отыз-қырық грамм емес, отыз-қырық тонна. Ескіше айтқанда, неше жүз батпан, неше мың пұт. Баяғы Балуан-Шолақ «Көтердім елу бір пұт кірдің тасын!» – деп мақтанып еді ғой. Бар қазақ таң қалған. Енді міне. Мың пұт. Мың батпан. Əлденеше жүз тонна… Соның бəрін көтерген Шахаңды əлемдік рекордсмен, Адамзаттың Алыбы емес деп кім айтар. Болашағын ойламаған, ақыл-есі ауыс біреу болмаса…

Иə. Біздің Шахаңның Сексен өтірігі түгелдей шындыққа айналды. Тазша баланың Қырық өтірігі топырақ қауып, далада қалыпты. Бұрын да ешкім сенбеген, қазір де ешкім сенбейді. Небəрі қуақы əзіл. Ал Шашты Суайттың  Сексен қайырымы – күмəнсіз, айна-қатесіз ақиқат. Əлемдегі ең Шыншыл, əрі Алып Адамның нақты істері мен бастан кешкені. Қайран қала тұрып, біз де мойындадық. Болғанына, анығына емес, біздің бүгінгі бар  қазақтың осы қисынсыз өтірікке қалтқысыз сенгеніне. Осы кезде тентек… емес, бұралқы бір əзіл ойымызға келгені. Қолма-қол қағазға түсіріп, жариялап жібердік. Шахаңа қатысты, Сексенге жалғас, түпсіз өтіріктердің бастауы ретінде. Мінекиіңіз. Сексен бірінші жəне сексен екінші қайырымдар.

Мына біз жетпіс, əлде жетпіс бес жылдығымызда, Испания королі Хуан Карлостың ғұзырынан арнайы дайындалған шақырту марапаты қашан жетеді деп күтуге тағат таппай, бала-шағамызбен тұтастай көтеріліп, Барселонаға барамыз ғой. Анада ғана біздің Шахаң Орталық стадионда корридоға қатысып, бесті бұқаны алып жыққан жер. Хош. Осы, Шахаң із салып, даңққа бөленген, баяғы, Американы ашқан Колумбтың желкенін оңдап берген ежелгі қала, ескілікті қамалдар тұрған тарихи алаңда, сері-сылқым испан жастары, əлде каталан, əлде испан, бəлкім, баяғы мавритан тілінде біздің Шахаңның өлеңдерін əнге қосып, хормен айтып тұр екен… О, тоба! Осы сайқымазақ өтірікті оқыған шахановшылардың қуанышында шек болсайшы. Міне, біздің Алыптың атақ-даңқы анау Испанияның өзінде дабылдап тұр деп. Шахаңның туған халқы қабылдаған Сексен бірінші шындық деп қойыңыз. Өзіңе өзің қалай риза болмассың.

Бірақ азартқа берілген біз тоқтай алмадық. Испания  дегеніңіз не. Қол созым жерде тұр. Енді Мұхиттан өтеміз – Америка Құрама Штаттары. Шахаңның атақ-даңқы мұнда тіпті дүрілдеп жатыр екен. Оны да өз көзімізбен көріппіз. Лəббай.

Біз тура тоғыз жыл тұрған Еуропадан жеріп, 2015 санатында осы тарапқа қоныс аудардық қой. Табанымыз Америка топырағына тиер-тиместе, біздің ерекше жағдайымыздан хабардар президент Обама, өзінің арнайы қабылдауына шақырған еді. Америка президенті атап шақырған соң, бас тарта алмайсың. Ақ Үйге келсем, тап осы жер, мəртебелі Ғимарат алдында əміркен жастары – ақ, сары, қара, құбақан, қара-ала, торы-ала қаншама жан біздің Шахановтың өлең-жырларын өздерінің əміркен, яғни кəдімгі ағылшын тілдерінде, кейде əлдебір əнге қосып, кейде тікелей тақпақтап, жабыла жырлап тұр екен… Сексен екінші шындық. Əрине, біздің шахановшылар, бұған да сенді. Жай ғана сенген жоқ, қосымша түсініктеме беріпті: «Мағауин іші күйіп, көре алмай отыр…»  «Ішін қызғаныш тырнап барады…» «Мағауин… М.Шаханов өлеңдерін шетел жұртшылығының жатқа оқитынына сенгісі келмейді.» «Ал, сіз, Мұха, аттасыңызға шетел халқы құрметін де қиғыңыз келмейді екен…» Мұнысы артықтау болды. Көре алмасам, ішім күйсе, сыртқа шығармас едім, яғни, айтпай қояр едім. Мені тілімнен кім тартыпты. Осындай əділетсіздік бола ма. Өкпелейсің, ашуланасың. Бірақ бұларға сөз өтпейді. Амал жоқ, жуасуға тура келеді.

Жə… Біраз ойнадық. От шықпады. Б.қ шықты. Бəрібір жұпар иісі біздің «Тіл жанашырлары» мен «Ұлт патриоттарының» түйсігіне жетпейді. Мына өзіміз ғана қарық болып отырмыз. Енді тоқтайық. Басқалар қайда, мына өзіміз уланып қалуымыз ғажап емес.

Тіл жанашыры

Енді артқа қарап тұрсам, осы «Мысық пен тышқан» ойынынан өзім де жалыға бастаппын. Кейбіреуге «Арыстанмен ойын» көрінеді екен. Яғни, жеке басым үшін қатер. Əрине, қорқам. Бірақ дүр сілкінген арыстаннан емес. Қажет болса, айдахарға айналамыз. Тым ұсақтап кеттім, өзім былғанам ба деп. Жəне əуелгі қызығым басылып қалды. Ары домалаттың, бері домалаттың – не шықты. Осыншама бықсықтың қажеті жоқ екен. Мен қолында тұрып жатқан əдебиетші балам əуел басында айтқан. Сенің көңіл аударуыңа татымайды, уақытыңды босқа шығындадың, деп. Келісу қиын еді. Адамзаттың Алыбы, Əлем табынған Ұлы Ақын қандай мадаққа да лайық. Ал уақыт… Айналасы оншақты күннен ұтылғаным рас. Бірақ бұл – жазу емес, демалыс еді. Əрқилы шытырман арасындағы көңілді тыным. Яғни, сол беті, атаусыз қалдырсаң да өкініші жоқ. Бірақ мен қалдыра алмадым. Өйткені маған күлкі көрінгенмен, біздің аңқау-адал жұртымыз үшін… мейлінше зиянды, зəр-зардапты құбылыс болатын. Бұрнада, əлдебір сөзімде: «М.Шаханов – қазақ руханиятының өрісіндегі раковая опухоль – мерезді жара!» – деп айтыппын. Таратып талдасақ, Сексен өтірігі емес. Осы кенеусіз хикаялардың астарында атқарылып жатқан шын шаруалар. Өзінің өресіз өлеңдерімен жалпы жұрттың талғамын бұзу – əншейін нəрсе; түптеп келгенде, Абайға, Əуезовке, Мұқағалиға көлеңке түсірмек жалалы, балдырбатпақ сөздері де түк емес. Əркімдер қолпаштап, мадақтап жатқанымен, Шахановты əлемнен озған ұлы ақын деп жариялаумен дүние өзгермейді. Шаласауат өлеңші, шалағай жазарман ұшпаққа шығып кетпейді, өзі дүниеге келтірген «Ырбибай мен Жырбикүлге» мазақ болуы – ертеңгі күн үлесінде. Бар кілтипан, бар пəлекет – осы «мың жылдық ұлы ақынның» жалған, жасанды беделінің нəтижесінде қоғамдық өмірге кесел келтіріп жатқан келеңсіз істер. Соның ішінде, жарияға шығып, жалпы жұрт құлай мақұлдаған «Қазақ тілін қорғау» ұрандары. Мен осыдан неше жыл бұрын ағымдағы баспасөз, теледидар, электронды ақпарат бетіне шыққан бір сұхбаттарымда: «Арамдар бастап, ақымақтар мен аңқаулар қостаған, түптеп келгенде, қазақ халқының өмірлік мүддесіне қарсы, реакциялық қозғалыс» деп айғақтағам.

Міне қараңыз. Кемі жүз қырық, жүз елу «ұлт қайраткері» қол қойған петиция жарияланады. Республика президентінің атына, сонымен қатар, премьер-министр, парламент ғұзырына. Ойбай, тіліміз құрып бара жатыр, əйту керек, бүйту керек… Не шықты? Баяғы жартас. Тіпті, Абайдың кезіндегі жаңғырығы да жоқ. Шаханов бастаған «Тіл жанашырлары» сонымен қоя қойса жөн ғой. Қоймайды. Екінші мəрте, бесінші, оныншы рет. Ештеңе өзгерген жоқ. Енді екі тарам байып туады. Бірінші – қазақ тілінің ахуалы мейлінше ауыр екен, біржола құрып біту алдында тұр. Екінші – осыншама қиын жағдайда ана тілі мəселесін көтерген азаматтар қандай керемет! Елдің қамқоры, ұлттың тұлғасы. Əрине, ең үлкен Қамқор, ең ұлы Тұлға – осы құр айқай ұранының басында жүрген М.Шаханов болып шығады. Шахановтың онсыз да аспандап тұрған атақ-даңқы енді ғарышқа жетеді. Əрбір осындай жолдама шыққан сайын баспасөз бетінде, əлдебір азусыз жиында, ең бастысы – əр отбасының тұйық кухнясында қаншама, əуелде сүйінішті, таңырқаулы, содан соң ызалы, ақыры күбір-сыбырға ұласқан əңгіме-кеңес өтеді. Иə. Алыптарыңыз бастап, жалпы жұртыңыз қостап, қаншама дабыра көтерілді. Алайда, айттық, өзгерген ештеңе жоқ. Біздің тұрғыдан қарағанда. Шындығында, барлық жұрттың назары басқа жаққа аударылған, жаппай жапырлаған екі-үш күн, асса төрт-бес күн ішінде Қазақ елінің болашақ тағдырына тікелей қатысты, жай ғана қатысты емес, құрдымға қарай тартатын үлкен өзгерістер жүзеге асып, бекіп, қағазданып кетті. Сіз тіліңіз салақтап, абалақтап жүрген екі-үш тəулік ішінде Қазақстан Кеден одағына қосылып тынды. Келесі кезекте – Еуразиялық одақ. Тағы бірде біз білмеген, сезбеген тағы бір сұмдықтар. Тым құрғанда, тарыққан, тынысы тарылған жалпы жұртты алдарқату. Кездейсоқ жағдай емес. Бəрі де алдын-ала ойластырылған арнайы операция. «Тіл жанашырларына» ойбай-аттан көтеріңдер деген нұсқау берілді. Жүз қырық тоғыз қайраткердің бас-басына емес. Бес-алтауына. Бес-алтау болмаса, жалғыз Шахановтың өзі жетіп жатыр. Əрине, кейде іс біткен соң, ертеңіне, бүрсігүні, келер аптада, ойбай, біз қарсымыз деп үн көтерген жағдаяттар бар. Яғни, Тіл ұраншылары тағы да биіктен көрінді. Енді ешкім де манағы жүз қырық тоғызды кінəламайды. Керісінше, сол арандату ұранын көтерген ұлы ақын, ұлт батырының атақабыройы көтеріле түспек. Қазақтың тілін қорғап жүр, əрі өкіметке қарсы күрескер. Біздің жұрттың саяси, əлеуметтік таным-өрісінің деңгейі осындай. Кезінде бұл туралы да айтқанбыз, жазғанбыз. «Тіл ұраны» – құр айқай емес, өкімет пен партия ұйымдастырған сатқындық саясаттың бір тармағы ғана деп. Нешінші мəрте қайталайық: қазаққа қарсы қылмыстық шараларды көлденең айқай астында өткізіп жіберу амалы ғана деп. Кім ұғыпты, кім тыңдапты. Абай атам айтқандай, «қайран ел осыменен жүр далақтап». (Тағы да жазғанбыз. Қазақ тілінің жағдайы өте жақсы деп. Егер президентің, үкіметің, парламентің біздің тілімізде сөйлемесе, бүгінгі өкімет – қазаққа жат болғаны, бұдан ана тіліңнің нəрі кеміп кетпейді, үлкен əдебиеті бар, қаншама баспасөзі бар, ең бастысы – неше миллион халқы бар, яғни бүгінгі анти-қазақ өкімет кешегі советтер билігі сияқты тырапай асқан кезде, бəрі де табиғи қалпына түседі, деп.)

Шыншыл, əрі адал жалақорлық

«Ұлттың ұлы тұлғасы» Шаханов туралы əңгіменің түбіне жету қиын. Қиын емес, абыройсыз іс. Əулиенің шалғайына жармасқан есепті. Біз бұл жағынан именіп отырғамыз жоқ. Онсыз да өкшеміз былғанды, енді біржола құрдымға батпайық дейміз. Соңғы бірер жылда, баспасөзде, арнайы сұхбатта «Шаханов КГБ-ның агенті болған» дейтін əңгіме көтерілді. Əрине, ешкімнің қолында түпнұсқа құжат жоқ, бəрі де теріске сайды. Біз де нақтылай алмаймыз. Əйткенмен, Шаханов есіміне қатысты таң қаларлық, төтенше жағдаяттар көп. Мəселен, анау бір заман, совет тұсында, қазақтағы қаншама алпауыт ақыннан асып түсіп, Бүкілодақтық комсомол сыйлығына жетуі. Оны аз десеңіз, орысша екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын бүгежек жағдайына қарамастан, өзіне жан теңгермес Евтушенкомен жалғастығы, беріде атағы зор Олжастың сайлауға екі қайтара түсіп, қолы əрең жеткен зор мəртебе – ССРО Жоғарғы советінің депутаты болып оп-оңай сайлануы… Бері дегенде үкімет пен партияның айрықша қамқорлығының нəтижесі демеске болмайды. Бұл ерекше талай, озғын тағдырдың астары мен қойнауы уақыты келгенде ашылар, ашылмас, біз көзбен көріп, нақты түйсінген, жалпы жұртқа белгілі жағдаяттарды ғана шетке шығардық.

Енді осы орайдағы ең соңғы хикая. Серікжан Білəш оқиғасы. Шахаң бастаған он жеті қайраткердің ресми хаты. Шахаң бастаған деп отырмыз. Болды, бітті. Қалған жұртыңыз отқа айдаса да да, суға салса да риза, қуанышпен келіседі. Бұл жолғы, Тіл ұранынан тысқары жолдаманың сүрені бөлек. Көзсіз батыр Шахаңның соңын ала, сабындап жуылмаған майлы, майсыз бармақтарын басқан он алты Сабаздың осалы жоқ. Əрқайсы да қой бастар серке. Əрине, ең басты Теке, кешіріңіз, Тұлға – Шаханов. Ұлттың ұлы Батырымен бірге жардан құлаған жанның арманы не. Жəне əдепкі хат емес тарихта қалатын ерекше мəлімдеме. Нақтылап айтсақ… донос. Қазақтың бай тілінде бұл сөз жоқ, өйткені, əлдебір кісіні жазба түрде сырттан қаралап, ауыр жаза талап ету, немесе көзін біржола құрту ұғымы да қазақ ескілігінде болмаған. Біздің жұртта Совет заманы, 20-жылдардан бастап, 1937-38 жылдарда айрықша өріс тапқан сұмдық. Бұл арада Қытайдағы қазақ қауымының азаматтық құқұғын қорғаушы Серікжан Білəштің кім екенін, əлеуметтік қызметінің мəн-мағнасын атап жазудың қажеті жоқ. Орта сауатты жұрттың өзіне түсінікті жағдай. Кез келген өкімет, қоғамдық ұйымдар сырт ел, əлдебір жұрттағы адам құқұғын қорғап, мəлімдеме жасап жатады. Мəселен, осыдан екі-үш жыл бұрын, Мьянма еліндегі рохинджа мұсылмандарының ауыр жағдайы туралы. Бұл, бүкіл дүние жүзілік науқанға Қазақстан өкіметі де үн қосты. Жөн-ақ. Алайда, өз қандасымыз, Қытайдағы қазақтың қысталаң жағдайы төңірегінде мəселе көтеруге болмайды екен. Бұл тараптағы сөзімізді созбайық, тек егемен саналатын мемлекетіміз бетімен жіберген істі Серікжан Білəштің қолға алғанын ғана еске саламыз. Біздің, Орыс пен Қытайдан райын бағып, қалтырап отырған, өз ұлтына жау, сатымсақ билік тұрғысынан қарағанда, нағыз басбұзарлық екен. Алайда, дəп осылай деп санағанның өзінде… «ұлт қайраткері, тіл жанашыры» азаматтарымыздың осыншама жалақор, былғаныш іске үлес қосуы, нақтылап айтқанда, үлес емес, бастама жасауының қаншалық қисыны бар еді? Бар екен. Өйткені, арандатушы топты бұл жолы да Адамзаттың алыбы Шаханов бастап отыр. Баяғы компартияның дана басшылығы сияқты тұпа-тура батпаққа бастар сара жол. Міне, шахановшылардың əйгілі мəлімдемесінің іріктеп терілген түйінді тұсы:

«Еліміздің тыныштығын бүлдіріп, Қытайдағы қандастарымыздың жолын жабуды көздеп отырған арнайы күштер бар… Сондай қоғамдық ұйымның бірі – «Атажұрт еріктілері.» Ал мұндай дау-дамайдың

мемлекетіміз жүргізіп отырған көші-қон саясатына кері əсер етуі күмəнсіз!»

Уа, пəлі. Қытайдағы қазақ мүддесін қорғаған «Ата жұрт еріктілері», оның жетекшісі Серікжан Білəш – мүлде керісінше, арғы қазаққа зиянды, бергі қазаққа қайшы əрекет жасап отыр екен. Сондықтан да: 

«Бұл мəселемен құзырлы орындар айналысып, елімізде əрекет етіп отырған жат ниетті топтарға тосқауыл қоюға тиіс.»

О керемет! Басқада шаруамыз жоқ, Ата қазаққа жұт болып келген 1929, 1937 жылдардың қайта көтерілген, өміршең елесі! Яғни, мұндай халық жауларын КГБ, кешіріңіз, бұрнағы КГБ емес, өзіміздің туысқан КНБ, полиция департаменті жəне сот пен прокуратура тікелей «қамқорлыққа» алуы шарт!

Ақыры, дəп солай болып шықты. Шахаңның, жəне оның соңынан ерген тағы он алты қайраткердің, ескіше айтқанда «көрсетуі» – тікелей донос – былғаныш, жалақор шағымы бойынша, аталмыш «ғұзырлы орындар» белсене айналысып, нақты іске кірісті. Міне, төрт айдан асыпты, Серікжан Білəш «үй қамағы» деген пердемен, кəдімгі, қатал тергеу астында отыр. Ақыры не болады – бұл өз алдындағы мəселе. Ең кереметі – советтік жалақор науқанның қайта тірілуі. Яғни, күнделікті өмірде қайталануы ықтимал, тіпті, заңды түрде қатарға қосылуы мүмкін, жиіркенішті ахуал.

Осы, Шахаң бастаған он жеті қырағының төтенше мəлімдемесі көп жұртқа тым тосын емес, ақылға сыймас жағдаят болып көрінді. Тағы да: «Ұлы ақынымыздың мұнысы қарай… Жоқ, мүмкін емес… Ол емес… Əлдекімдер алдап түсірген…» Ең қатқыл коммент –  «Ұлы ақынымыз қартайып, алжи бастаған сияқты…» тіксініп шошынбаған, таң қалмай, табиғи кейпінде қабылдаған жалғыз біз ғана шығармыз – Қытай қазақтарының тілімен айтқанда, Шахаңның он орамына келмейтін, əлгі, Мағауин деген біреу. Білгір ақылман, сəуегей тумысымыздан емес. Бұдан он бес-он жеті жыл бұрын бастан өткерген, əдепкі жағдаят болғандықтан. Біздің үстімізден де дəп осындай донос түскен. Он жеті «қайраткер» емес, жиырма алты «комиссар», он бес академик, тағы қаншама «тіл жанашыры», ұлт қамқоры, ақын, əнші, сазгер, тарихшы, еңбек ардагері… – жиын саны əлде бірер жүз, əлде бірнеше жүз, пəленбай ғарызнама жазылыпты. Таққан айыбы тым əріден басталады. Ауыр ғана емес, адам шошырлық. Баяғы «жапон шпионы» далада қалды. Нақтылап айтқанда, Мұхтар Мағауин Шыңғыс ханды көтермелеу арқылы, мемлекеттік төңкеріс жасап, бүгінгі егемен, заңды өкіметіміз, «бізге осы тəуелсіздікті өз қолымен алып берген» легитимді президентімізді орнынан тайдырып, жаңа бір саяси-əлеуметтік құрылым… жоқ, күні өткен Халифат емес, Хандық өкімет орнатпақ екен, осыған орай, билік басына баяғы Шыңғыс хан ұрпақтарының бірін отырғызбақ!.. Күлесіз. Мен де күлдім. Алайда… сөз зардабы тиіп жатқан бүгінгі төрелер əулетінің зəре-құты қалай ұшқанын көрсеңіз. Шыңғыс ханды ақтамасын, мені қорғамасын, өздеріне жабылған қияли, қисынсыз жалаға орай заң жүзінде қарсылық білдіру, жойдасыз жалақорды сотқа тарту тұрыпты, бір ауыз қарымта уəж келтіруге жарамады. Сонда, ыза болмасам да, бүгінгі рулы ел – аталы жұрттан түңіліп, айтқаным бар: «Жайдақ жауырға мінген шаласауат Шаханов, шолақ қамшымен бүткіл төрелер əулетін тышқанның ініне қуып тықты!» – деп. Ал бізді ешкім де имендіре алмайтын еді. Əлекем дем берген, Ахаң рух салып, Жақаң ту ұстап, Сұлтанмахмұт пен Мағжан ұран көтерген заманда ғұмыр кешкен əкелерім мен ағаларым бұдан зорғы құқайдан ықпаған. Ақыры бəрі де қазаға ұшырады. Ал менің басым домаланып, сүйегім қурап қалмауға тиіс. Ірілігімнен емес, заманның басқаша кебінен. Ақыры, төңірегімнен түгел түңіліп, ұлттық ұран жаршысы болған «Жұлдыз» журналын құдайға тапсырып, туған топырақтан алыстап, жұрт астым. Ұлы қаған Шыңғыс бабамды əйгілеу, қазақ тарихын қалпына келтіру тарабындағы ауыр, əрі абыройлы жұмысымыз одан əрі жалғаса берді.

Ендігі кезек елден кеткен емес, елге келген Серікжан бауырыма жетіпті. Бұл тараптағы лепесіміз осымен бітпес, тек Шахаңның қырағы жандайшаптығына қатысты еріксіз сыз берді. Өткенді қайта көтеріп, кезінде айтылмай қалған іркіс-тіркіс біраз кепті қатарға қосуға мəжбүр болыппыз.

Біз қанша заман бойы қайран қалып келдік жəне əлденеше мəрте ашып жаздық. Бұл Шахаң не айтса да, не істесе де, халқы құба-құп екен. «Ұлы ақын, ұлттың Ұлы Тұлғасы…» Қай жерде қандай сорақының шетін шығарса да, кім туралы, не туралы қаншама парықсыз, тіпті, жалалы, былғаныш сөз

айтса да, сонікі жөн. Айрықша шектен шығып кеткенде, «Ұлы ақынымыздың мұнысы қалай…» – деген жасқаншақ бір ауыз сөзбен шектеледі. Көбіне, олай емес, олай айтқан жоқ деп қорғап жатады. Ең аяғы, мың жылдық қазақ əдебиетін теріске шығарған, Абай мен Əуезовтен бастап түгел сөккен сауатсыз, түйсіксіз лепесінің өзі зиялы қауым тарабынан айтарлықтай реніш тудырмады. Асып кеткенде, ұлы ақынымыздың бұл сөзі артықтау болды деп жалтақтаумен тыныпты. Мың жылдық қазақ əдебиетінің аспанында Шаханов бірінші ғана емес, жападан жалғыз нұрланып тұруы шарт сияқты. Енді міне, бағзыдан қалыптасқан, бірақ жалпы жұрт мəн бермеген жалақорлық ғаждеті жаппай жарияға жетті. Алаш азаматының үстінен тікелей донос – жауапқа тарту керек, түрмеге тығу керек. Соның өзінде ешкім ашып айтып, айыптап отырған жоқ. Небəрі: «Ұлы ақынымызға не болған!!..» Айттық, біз бастан өткерген, соңғы жиырма жылда кеңінен қолданылып келген жалақорлық ғадет. Сіз енді ғана шет жағасын аңдап отырсыз. Бұл соңғы ғарызнама қалай аяқталса да, Шахаңа шаң жуытпайды. Күні ертең ойнақтап шыға бермек.

Яғни, бұдан бұрынғы, осы жолғы, алдыңғы, кейінгі барлық сөзіміз – бос далбаса. Шахаң – қазағың тұрыпты, адамзат тарихындағы алып тұлға. Ол… ол – Ұлы Ақын, теңдесі жоқ Қайраткер, мың жылда бір туатын Ерекше Тұлға… Дəп осы арада ойланып қалдық. Арғы бет, бергі жақтағы бар қазақтың ұранына айналған осы бір сөз… ақиқат шындық тəрізді. Шынында, мың жылды білмеймін, осы өзіміз өткерген соңғы қырық-елу жылда… біз ғана емес, жер əлемде осы Шахаң сияқты ерекше жан болды ма екен? Болмапты. Өткенді қайталап айтсақ, не ақыл жоқ, не білім жоқ, не түйсік жəне тағы бірдеңесі жоқ… шалағай өлеңші, дүмбілез саясаткер… жұрт алдында екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын, ыбылжыған бозөкпе… Сөйте тұра, «Ұлттың Ұлы Тұлғасы», «Адамзаттың Алыбы», «Қазақтың Қорғаны», жалпы жұрттың Мақтанышы…

Уһ… Болдық. Ендігі сөзде мəн жоқ. Бұрнағы бар лепесіміз текке кетіпті. Əйтеуір бір алданыш – «Шахан-нама» – «Жахан-нама» хикаясы осымен біржола тəмам. Тыным таппасақ та, əжептəуір жеңілейіп қалдық. «Баяғы ақкөңіл қазақ «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді» –  деген. Бұрнағы «Ғаламат ғұмырбаян» бəрін де айқындап берсе керек еді. Жалпы жұртымыз, оның ішінде əсіресе Шахаңның жақын төңірегі қисапсыз мадақ ретінде қабыл алыпты. Енді амал жоқ, тағы да біраз малшылап, бұл жолы ымсыз, ашық айтуға тура келген. Осыдан бір, əлде екі жыл бойы шетін шығарып қалған «Шахан-наманы» түйіндемей болмапты. Міне, бар қоқыстан құтылдық, алда бұдан гөрі мəндірек, басқа бір жазулар тұр…

19.VІІ.2019 Күміс Бұлақ кенті, АҚШ.

1 Пікір

1 пікір

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары