Әлем ақпараты

Сайрагүл алғаш рет Қытайдағы түрмесіндегі қызметі туралы ашық сұхбат берді

Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай өзінің қазіргі тұрғылықты мекені Швецияда алғаш рет сұқбат берді.

Сайрагүлдің осы сұқбатынан кейін Қытайдың Швециядағы елшісі БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында оның сөздерін жоққа шығарды. Және оны “өтірікші” деп айыптады.

Ал Қазақстандағы Қытай елшісі бұл мәселе туралы пікір білдіруден бас тартқан болатын.

Өзінің Қазақстандағы өмірі мен Швецияға келу жолы туралы

«Қазақстанда мен «шекарадан заңсыз өтті» деген айыппен сол жерде 9 ай түрмеде жаттым. Түрмеден шыққаннан кейін де маған Қытайды әшкерелеуге тыйым салды, үйден шығармады. Сондай жағдайда мен көптеген елдердің ақпарат құралдарына шығып, солардың машинасында отырып жарым түнде осындай ақпараттар бердім. Не үшін? Бұл жерде «менің ұлтым», «сенің ұлтың» деген әңгіме жоқ. Бұл жерде сол концлагерьдегі саяси құрбан болып жатқан жазықсыз жандардың құқығы үшін, солар үшін мен осылай етуге мәжбүр болдым.

Сондықтан айтарым, Қазақстаннан Қытайға екі рет депортацияламақ болған кезде осы халықаралық ақпараттардың жазуымен, араласуымен мен сол өлімнен қалдым. Содан кейін, ең қиын кезде – Қытайға қайтарылу алдында тұрғанда отбасыммен осы Швеция үкіметі бізге ие болып, осында алып келді», – деп сөзін аяқтады Сайрагүл Сауытбай.

Түзету лагеріне алғаш рет қалай келді?

Сайрагүл өзінің Қытай түрмесіндегі қызметінің қалай басталғаны туралы айтып бастады.

«2017 жылдың 11-ші айында бір күні түнде бір бейтаныс телефон келді маған. «Сен осындай жерге келіп тұр», – дейді. Ол жердің адресін айтты. Мен сұрадым қарсы жақтан: «Сіз кімсіз?» «Кім екенімді сұрама», – дейді бейтаныс телефон. Мен айттым: «Қайда, не үшін барамын?» – деп. Ол кезде адамдарды сондай қатты ұстап жатқан кез болатын. Сұрап едім, ол адам айтты маған: «Ертең ішкі Қытайға үйренуге барасың. Сондықтан сен сол жерге барып тұр», – деді. «Басқа ештеңе сұрама», – деді. Ал ол жерге барғаннан кейін тағы да бір телефон нөмірін берді. «Сен сол телефонға «мен жеттім» деген екі сөз жазып қойсаң, болды», – деп айтты бейтаныс адамдар, – деді Сайрагүл.

Сайрагүл ұзақ жолдан кейін басындағы қара қалпақты шешкенде ғана қзінің концлагерьге келгенін түсінген. Артынша артық сөз айтқызбастан, сол жердегі адамдарға қытай тілінен сабақ беруге мәжбүрлеген.

Түзету лагеріндегі өмірі

«Содан кейін біздің сол жердегі тұрмысымыз басталды. Ол жерде 2500-ге жуық адамдар болды. Барлығы да кінәсіз адамдар. Ең кішісі 13 жастағы кішкентай бала, үлкені 84 жасқа дейінгі қарттар.

Ерлер, әйелдердің барлығының шашы тақырлап алынып тасталған. Қолдарында, аяқтарында кісен. Сол жердің тәртібі бойынша бір адам 1 шаршы метр жерге жату міндеттелген және оң қырымен ғана. Таң атқанша қозғалмау керек. Егер қозғалатын болса, онда ауыр жазаға ұшырайды. Сонда бір кішкене ғана бөлме ішінде 16-17, 20-ға дейін адам жатады қысылып. Тек қана оң жағымен жату міндеттеледі. Жерге, цемент-бетон үстіне жұқа палас төселген. Адамдар соның үстінде ұйықтайды», – деп сөзін жалғастырды Сайрагүл.

Концлагердегі адамдардың тұрмысы

«Туалет бір жерде. Туалет болғанда, әр камераға бір-бірден шелек қойылған, қақпағы бар. Туалет – сол. Шелекке бір үйдегі 20 адам үлкен-кіші дәрет жасайды. Барлығын камерамен 24 сағат көріп тұрады, бақылап отырады. Толғаннан кейін қақпағын жауып қоясың. Ертесіне таңертең сол туалетті – толған шелекті төгіп тастағаннан кейін барып туалетке отыруға болады.

Қамалғандардың бір күні қалай өтеді?

«Енді бір күнгі 24 сағатта не істей­тінімізді айта кетейін сіздерге. Әр күні өзгеріп отырады. Бірақ негізгі жақтан 24 сағатта таңғы 6-да тұрамыз. Сағат 7-ге дейін таңертеңгілік. 7-ден 9-ға дейін қытайдың салт-дәстүрлері, тарихы, Си Циньпиннің сөздері, ХІХ-құрылтайдың жобалары, қытай мәдениетін жырлайтын сабақтар өтеді қытай тілінде.

9-дан 11-ге дейін сол өткенді қайталап үйренеді сол жерде отырып, Қытай саясаты туралы әртүрлі ұрандарды 1000 рет, 2000 рет, 3000 рет айқайлап айтып отырасың.

12-ден 2-ге дейін – түскі ас. Түстен кейін сағат 2-ден бастап 4-ке дейін отаншылдық әндер үйретіледі. «Қызыл әндер» дейміз. Мысалы, компартияның марш әндері, ту шығарған кездегі әндер, сондай әндер өтіледі екі сағат.

4-тен 6-ға дейін өзіңе қылмыс жазасың. Егер өзіңе қылмыс таппасаң, онда тіпті де ауыр болады жағдайың. Сондықтан екі сағат бойы өзіңе қылмыс жазасың.

6-дан 8-ге дейін кешкі ас. 8-ден 10-ға дейін барлық қамалғандар суық там­ға жабысып тұрады. Ол не үшін дегенде – өзінің қылмысы үшін ойлану. Алдағы жазған қылмыстарыңды ойлап, кейін екі сағат, 10-нан 12-ге дейін соны сенімді қылып жазып шығасың. Керемет қылып, оларды иландыратындай қылып қылмыс жазуың керек.

Түнгі сағат 12-ден 1-ге дейін кезекте, коридорда кезекшілікте тұрамыз. Сағат 1-ден 6-ға дейін, тек бес сағат ұйықтауға болады», – дейді Сайрагүл.
holanews.kz

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары