Атажұрт

Серікжан Біләшұлы Кім?!

АБАЛАҒАН ИТТЕРГЕ АТТАН ТҮСІП ТАС ЛАҚТЫРМАЙДЫ
Соңғы жылдары қазақ қоғамында бір біріне қарама қайшы түрлі пікір тудырса да, СЕРІКЖАН БІЛӘШҰЛЫ өз халқы үшін иігілікті іс жасай алды.

Ол ел арасында аса танымал тұлғаға айналып қана қойған жоқ, Алтайдың арғы бетінде қиналған қазақ пен бергі беттегі алаң жұртқа жұбаныш пен демеу әрі сүйеу бола білді. Қытай билігінің былық-шылығын ашып, әлем ақпаратына тың бетбұрыс әкелді. Қытайдағы компартия билігінің адами құндылықтарды аяққа таптаған қылмыстарын әшкерелеп, әлемді әділдікке үндеді. Әлемдік қауымдастықтың қолдауымен шектен шыққан қатыгездіктің бетін қайтарды, қандастарын зобалаңнан құтқаруға өлшеусіз үлес қосты.

Сондай-ақ, Қазақстан қоғамында әртүрлі жолмен өздерін ұлтшыл қайраткер ретінде көрсетіп, сол образдарына өзі де сеніп, өзгені аузына қаратып, сонысы арқылы әжептәуір абырой тапқан екіжүзді алаяқ саясаткерлердің де, халықтың сүйіктісіне айналып, өздерін “әулие-әнбе, қайтпас қаһарман” еткендердің де алдамшы бет пердесін сыпырды. Ол өзінің табиғи болмысындағы турашыл әділдігімен қалың қазақтың санасына сәуле түсірді, асыл мен жасықты айырып тануына түрткі болды.
Қазақ соты оны сөз етуге тұрмайтын тым ұсақ сылтаумен соттаса да, ол қандастары арасында ғана емес, әлемнің көзі қарақты ақпарат қабылдаушыларына халықаралық деңгейдегі адам құқы үшін күрескен белгілі қайраткер ретінде мойындалды. Ол жалғыз тұрып, жалаң қолмен аузынан жалын шашқан аждаһаға қарсы шапқан көзсіз батыл ер. Әділетсіздікті көре тұра үнсіз қала алмайтын адалдығын дүйім жұртқа әйгілеген қоғам қайраткері.
Ол елге танылайын, қайтпас қайсар қайраткер болайын, атаққа шығайын деп ешқашан алдында мақсат қойған жоқ. Бірге өсіп біте қайнасқан ел жұртына қиналған сәтінде араша түсейін, қазақ баласына жазықсыз жала жабылмасын, саяси қуғын-сүргінге бейбіт күнде ұшырамасын, қылмыссыз жауапқа тартылмасын, сот үкімінсіз сотталмасын, азап лагерінде еш айыпсыз әрі жазықсыз азап шекпесін деп қана үн қатты. Сол үшін жазықсыз жандардың шағымданып барар жері, басар тауы қалмаған сәтінде арыз-өтініштері мен мұң-зарларын әлемдік қауымдастыққа жеткізді.
Зерделі жандар ғана өз ерік күшіне риясыз сенеді, сол арқылы адал іске батылдықпен тәуелкел етеді. Ежелгі парсының бір ақыны “Ер жүректілікпен семсер сермей алу қабілет деген жай ғана батылдық емес. Өзін басып билей алатын, өзгелер үшін әділ қадам жасайтын жан ғана шын ержүрек адам” деген сөзі бізге рухани мұра болып, бүгінге жетіпті. “Аса ұлы ер жүректілік дегеннің дәл сондай ізгі ниеттілік” деген Америка ақыны Г.Лонгфеллоның сөзі оны толықтыра танытып тұрғандай.
Ойына алған мақсатына жете алған адам ғана бақытты. Неше жерден ақылды, білімді данагөй болсаң да, ерік күшің кемісе, әділдік үшін батыл қадамға бара алмасаң, Шекспир айтқандай “батылың бармаған жерге ақылың да жетпейді”.
Жүрексіну, жалтақтау, орта жолдан тайып кету дегеннің бәрі ұлы мұратқа ұмтылған асыл арманды әдірем қалдырады. Серікжан бұл жолдан таймаса да, оны қатал заң уақытша болса да, иілуіне мәжбүр етті. “Маңдайшаң аласа болса, иілмеске не шара”. Бірақ, шындық сынған жоқ. Иілу мен сынаудың арасы жер мен көктей. Көңілге медеу болатын бір жай бар. Серікжанның сөйтіп иілгеніне дейінгі аралықта алға қойған мақсатын орындап, миссиясын атқарып тастағандығы.
Енді, ол жеті жыл бойы ләм-им деп ауыз ашпайды. Дұрысы, оған ауыз аштырмайды. Қазақ сотының қабылдаған үкімі солай. Үкімді бұзуға болмайды. Оны неше жерден бұрыс десең де, заң алдында бәрі бір дәрменсізсің. Алайда, сөз сөйлеуді шектесе де, әркімнің ой ойлауға толық еркіндігі бар. Сөзді шектеген мәжбүрлеуші “машина” ойға ешқашан ноқта сала алмайды. Қалай болғанда да, Серікжан айтарын айтып, істерін жасап та тастаған азамат. Сондықтан да, ол бақытты жандардың бірі болып, ертеңгі тарихта есімі қалары айдан анық ақиқат. Оған жала жауып жүргендердікі, әдеттегі іштарлық пен көреалмаушылық. «Аққа құдай жақ» дегендей, Серікжанның ісі өз бағасын алады, алып та жатыр. Ал, тұлпар мініп желдіртіп жүрген жолаушы әр ауладан өткен сайын шәуілдеп абалаған иттерге аттан түсіп тас лақтырмайды.


© Қуандық Шамахайұлы

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары