Әлем ақпараты

АҚШ Қытайдың Хьюстондағы консулдығын жабады

АҚШ Пекиннен Қытайдың Хьюстондағы (Техас штаты) консулдығын жабуды талап етті.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Морган Ортагус “америкалық зияткерлік меншік пен жеке ақпаратты қорғау” мақсатында осындай қадам жасалып отырғанын айтты. Ол сонымен бірге дипломаттардың өздері орналасқан елдің ішкі ісіне араласуына құқығы жоқ екенін еске салды.

Қытай билігі Америка билігінің әрекетін айыптап, бұл екі ел арасындағы жағдайды әрі қарай ушықтырады деді. Қытайдың сыртқы істер министрлігі бұған “жауап беретінін” ескертті. Қытай билігі америкалық консулдықтардың бірін жабуы мүмкін. Пекиндегі елшілікті есептемегенде құрлықтық Қытайда Американың бес консулдығы бар.

АҚШ Қытай дипломаттарына 24 шілде түске дейін ғимаратты босатуға уақыт берді. Сәрсенбі күні консулдық аумағында өрт болған, алайда ол жаққа өрт сөндірушілерді кіргізбеген. Кейбір ақпарат бойынша, консулдық қызметкерлері қағаздарды өртеген, алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

АҚШ Қытайды өнеркәсіптік тыңшылық жасады және зияткерлік меншік ұрлады деп бірнеше рет айыптаған. Бұған қоса, АҚШ өкілдері Қытайды коронавирус туралы шындықты жасырды, Шыңжаң мен Гонконгте азаматтардың құқығын бұзды деп айыптағаннан кейін екі ел арасында жағдай ушыға түскен. Хьюстондағы консулдықты жабу туралы шешімнің нақты қандай оқиғамен байланысты екені белгісіз.

Мақаланың келіу қайнары: azattyq.org

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары