Атажұрт

«ҚЫТАЙШЫЛ ҚАЗАҚТАР» ұлт мүддесін мансұқ етіп жүр

Серікжан БІЛӘШ:
«ҚЫТАЙШЫЛ ҚАЗАҚТАР»
ұлт мүддесін мансұқ етіп жүр

• Тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» ұйымының мүшелері карантин кезінде сотқа тартылып, істі болды. Қытайдағы қасіреттен қашып келген азаматтардың жағдайы оң шешімін таппай, бастары әуре-сарсаңға түсті. Ел үшін ең сорақысы – арғы беттегі қазақтың мәселесі бергі беттегілерге қатысы жоқ сияқты күйге түсті.
Осы орайда Қытайда қорлық көрген қазақты қолдап, бүкіл әлемге шыр-пыр болып жүрген «Нағыз Атажұрттың» бетке ұстар азаматы Серікжан Біләшті әңгімеге тартып, мәселенің мән-жайын білдік.

– Серікжан мырза, сізді және «Нағыз Атажұрт» ұйымын қуғындаудың қисынын түсіну қиын болып кетті. Бәлкім, қоғамдағы азаматтық наразылық ушығып кеткен кезде сіздер құрған «Нағыз Атажұрт» билікке қарсы оппозициямен бірігіп кетеді деген қауіп бар шығар? Осы сұрақтың мән-жайын ойлап көрдіңіз бе?
– «Нағыз Атажұртты» оппозициялық күштермен бірігіп кетеді деп дабыра тудырған – «қытайшыл күштердің» бізге жапқан жаласы. Өз-өзінен үрейленіп, жоғарыдағыларды қорқыта түсіп, сол арқылы биліктің қолымен, яғни қазақтың қолымен бізді соттатпақ. Сөйтіп, біздің Қытайға қарсы барлық белсенділігімізді тоқтатпақ. Екіншіден, биліктің өзі де Қытаймен ым-жымдас. Жоғарыда отырған кейбір лауазым иелері осы жалаға сенеді немесе қытайшылдар оларды әбден сендіріп қойған. Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпараттық белсенділігімізге ақпараттық-саяси шолулар жасап, Қытай туралы ақпараттық күресімізге байланысты Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі ақтаңдақты толтырғанымызға байланысты бізді жек көреді. Халық «Нағыз Атажұрттың» артынан ілесіп кетеді деп, қатты алаңдайды. Шындығында, тіркелмеген ұйымның мүшелерінің барлығы қарапайым, ұсақ шаруаның адамдары, тірліктері бар жеке кәсіпкерлер, осы күнге дейін де Қазақстанның саяси тірлігіне араласып көрмеген азаматтар. Қытайдағы қазақтардың көрген қорлығына жанашырлық танытып, құқын қорғау мәселесімен ғана айналысамыз. Барлық мұрат-мүддеміз осы ғана!

– Ендеше осы тамыз айында cізге және тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының бірнеше мүшесіне қатысты сот болған екен, одан ел-жұрт хабарсыз. Бұл не қылған сот?
– Тамыз айының 8-інде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты маған «тіркелмеген ұйымға заңсыз қызмет етті» деп, 50 айлық есептік көрсеткіш (138 900 теңге немесе 332 доллар) мөлшерінде айыппұл салды. Сотта куәгер болған полицияның айтуынша, мен «Нағыз Атажұрт» ұйымын заңсыз құрып, жұмыс істеп жүр екенмін.
«Біз ұйым емеспіз, қайырымдылық жұмыстарымен айналысатын азаматтар тобымыз. Аптасына бір-екі рет арызданушылардың өтінішін ағылшын тіліне аударып беремін. Кейбіріне арыз жазуға көмектесем. Бірақ бұл еңбегім үшін ешқандай ақы алмаймын, ерікті түрде жұмыс істеймін. Сондықтан өзіме тағылып отырған айыпты мойындамаймын» дегеніме қарамай, істі қараған судья Дастан Альбаев мені кінәлі деп тапты.
Екіншіден, іс өткен 2019 жылы қараша айында қозғалған екен. Яғни, іс ескірген. Сондықтан «әкімшілік құқық бұзылған күннен бері екі ай өтіп кетсе, азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайды»мдеген заңнама нормасын айтқан адвокат Шынқуат Байжановтың дәлеліне сот құлақ аспады.
Сондай-ақ сот тіркелмеген «Нағыз Атажұртқа» жетекшілік жасап келген Бекзат Мақсұтханға – 100 айлық есептік көрсеткіш (277 800 теңге немесе 664 доллар), әкесі он бес жылдан бері Қытайдың түрмесінде «Қазақстанның шпионы» деген жаламен отырған ұйымның видеооператоры Ғалым Рахыжанға – 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (138 900 теңге немесе 332 доллар) айыппұл салды. Ал Қалман Қосжігітке де осындай іс қозғалғанымен, соттан оған ешкім хабарласпай, сыртынан 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Әбілқайыр Төлеуханұлы мен Гүлжан Тоқтасынқызына тергеу амалдары жүргізілгенімен, оларды сотқа әлі шақыра қойған жоқ. Міне, Covid карантинінің қалқасында өткен соттың жағдайы осы.

– Сонда сотқа арызданушылар кімдер? Аты-жөндерін ел біле жүрсін…
– Кеңес алуға келгендерден түсетін қызметтің ақысын тіркелген «Атажұрт еріктілеріне» аударып беретін билікшіл Ербол Дәулетбекұлы мен Қайрат Байтолланың сотқа түсірген арызын адвокат Айман Омарова қаттап бірген. Бұл екеуі сәуір айында мүлікке «заңсыз иелік етті» деп, біздің үстімізден арыз жазады, сөйтіп Алматы қаласы полициясы біздің ұйымның оншақты мүшесін карантин режимін бұза отырып, қаланың сыртында тұратын азаматтарды бөгет-посттан бері өткізіп, тергеуге алған. Мен Есік қаласы маңындағы бір ауылда жатқан едім, сол жақтың полициясы бір тергеп, Алматыға алып келіп, екі тергеді.

– Сондағы «заңсыз мүлік» не болды? Сіз атаған Ербол Дәулетбекұлы мен Қайрат Байтолла қандай мүлікке зар боп жүр екен?
– Полицияның тергеуінен білгеніміз – «You tube» желісіндегі «Atajurt Kazakh Human Rights» арнасы Ербол Дәулетбекке тиесілі екен. Анығында желідегі ол арнаны 2013 жылы Ғалым Рақыжан біздің топтың атынан арнайы ашқан еді. Кейін арнаға соқтыққандар көбейген соң, меншік иесі ретінде түркиялық азамат Б.Өкітанға азын-аулақ ақшаға сатып жіберген. Ол кезде «Атажұрт» деген ұғым болған жоқ. Енді келіп Ербол Дәулетбек өзінің ұйымын тіркетіп алып, сол арнаны «менікі» дейді. Оның «зар боп жүргені» – осы. Негізі, Ербол Дәулетбек біздің ұйымның жұмысына біраз іріткі салды…
Жалпы, біздің «Нағыз Атажұрт еріктілері» мен менің үстімнен екі қылмыстық іс қозғалды, ол істер не қысқарған жоқ, не болмаса ары қарай жалғастырылмады. Бірі – жоғарыда аты аталған екеудің арызындағы «заңсыз иелік ету» және ұйымның атауы мен эмблемасын пайдаланды деген пәтуәсіз айыптар. Екіншісі – маған осы екі жігіт пен «Атажұрт жастары» ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Ораз, «Ел аманаты» ұйымының жетекшісі Ырысбек Тоқтасын, «Отандас ел» деген қытай диаспорасы ұйымының басшысы Мұхан Мамытханның жазған арызы бойынша, бізді – «Нағыз Атажұртты» қылмыстық қудалау жүріп жатыр. Олардың «Қазақстанның туын қорлады» деген қисынсыз арызы негізінде 174-баптың 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ полицияның тергеу қаттамасында «Серікжанның аталмыш видеода айтылған сөзінде мемлекеттің туын қорлайтын дәлел жоқ» деп жазылған. Лингвистикалық сарап та дәл осылай тұжырым жасаса да, қайтадан тергеуге шақырып жатыр. Сонымен «Атажұрттың» алты мүшесінің үстінен әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды, екі мүшеміз тергелуде. Менің үстімнен қозғалған екі қылмыстық істің не қысқарғаны, не жалғасатыны белгісіз болып тұр.

– Сот пен оттың ортасында жүрген, Қытайда концлагерьге қамалып жатқан ағайынға араша түскен «Нағыз Атажұрттың» ізгілікті қызметі кімдерге ұнамай қалуы мүмкін?!
– Адами құқығы тапталған қазақтардың мәселесін әлемдік деңгейде көтергеніміз үшін, біріншіден – Қытай компартиясына, екіншіден – қазақстандық «қытайшыл күштерге» ұнамаймыз…

– Оларды «қытайшыл қазақтар» деп айта аламыз ба?
– Егер ұлтымыздың арғы беттегі бір пұшпағын қорғауға жанталасып жүрген біздерге қарсы шабуыл жасап жатқандар 100 пайыз қазақтар болса, оларды неге «қытайшыл қазақтар» деп атамасқа?! Ұлт мүддесін мансұқ етіп, Қытайдың алдына жығып беруге жандәрмен болғандарды, әлбетте, «қытайшыл» деп атау керек.
Үшіншіден, біз көлеңкесінен қорқып отырған қазақстандық билікшіл топтарға ұнамаймыз. Қазақстан халқының Қытайға қатысты көңіл-күйін бұзып қойды деп, Қытайдың Қазақстандағы экспансиясына қарсы күресіп қойды дейтін осындай топтарға ұнамаймыз. Немесе биліктен дәмелі болып, өкіметті маңайлап жүрген топтар, партия, клан, секталардың барлығы бізді ұнатпайды. Олар «халық бізді жақтап кетеді» деп қатты алаңдайды. Осы уақытқа дейін жүз мәрте мәлімдеме тараттық: «Біз тек қана Қытайдағы қазақ мәселесін көтереміз, саясатқа араласпаймыз, ешқандай мансап қумаймыз, Қазақстанның ішкі ісіне араласпаймыз» дегенімізге қарамастан, «қытайшыл топтар» бізді билікке өте қауіпті күш етіп көрсетуде. Сөйтіп, біз Қазақстандағы қытайшыл күштердің шабуылына ұшырап отырмыз. Ал түптеп келгенде, билік оларды қорғап отыр: бізге қатысты қылмыстық іс, әкімшілік сот – солардың бастамасымен шыққан шатақ.

– Әлемге әйгілі болған «Сайрагүл Сауытбай ісі» тағы да қайталанып отырған сыңайлы. Өткен жылы шекараны заңсыз өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының мәселесі, Қайша Аханқызының жағдайынан осындай әлпет байқалмай ма?
– Сайрагүлдің практикасы қайталануы бек мүмкін. Дәл бүгін Қытайдан қашып келген төрт қазақтың: Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлім, Қайша Аханқызы мен Бағашар Мәлікұлының статус мәселесі әлі шешілген жоқ. Адвокат Айман Омарова Қайша Аханқызын қорғаудан бас тартты. Оның нақты себебін билік пен Айман ханым ғана біледі…
Қайшаның жағдайы өте қиын, тегін медициналық көмек ала алмайды, «пана іздеуші куәлігі» жұмыс істеуге, халықаралық ұйымнан көмек алуға мүмкіндік бермейді. Рухани қысымға ұшырап, тергеуден көз ашпады. Қытайдағы туыстары қысым көріп жатыр. Шарасыз күйге түсіп, түсік тастады, психологиялық, физиологиялық қысым көріп, адвокатының істі созуы жүйкесіне кері әсер етті.
Анығында, аты аталған төртеуі де «пана іздеуші тұлға» куәлігімен жүр. Жағдай Сайрагүл Сауытбай ісі сияқты шешілетін болса, олардың Еуропа мен АҚШ-қа екі түрлі жағдайда жіберуге болады: біріншісі – Қазақстан оларды босқын деп танып, мәртебе бергенде, үшінші елге кетуіне рұқсат беріледі. Босқын мәртебесінің құжаттық күші бар. Немесе ҚР құзырлы мекемелер бұл азаматтарға босқын мәртебесін беруден бас тартып, «Қытайда қысым көрген жоқ» деп таныса, үшінші бір мемлекет «босқын мәртебесін береміз» деп шақырып алдырса, ол төртеуін Қытайдан құтқаруға мүмкіндік туар еді. Бүгін Қазақстан билігі осы төртеуіне не босқын мәртебесін бермейді, не бермейміз деп ашық айтпайды, екі ортада сенделтіп қойды. «Пана іздеуші тұлға» куәлігімен уақыттарын созып қойды. Ары-бері жүре алмайды, дәрігерлік көмек ала алмайды, жеке өмірлері қиындап кетті.

– «Қастер мен Мұрагерге Қазақстан билігі босқын мәртебесін беруі екіталай, себебі Қытайға миллиардтаған қарызы бар, яғни экономикалық кіріптар мемлекет ондай батыл қадамға бара алмайды» деген пікірге не дейсіз? Қытайға экономикалық кіріптар болған қазақ билігінде екі қандасымызға қатысты оң шешім шығаратындай жол бар ма?
– Қазақстан билігі халықаралық нормаларды, БҰҰ-ның, Женева конвенциясының босқындар туралы құжаттарын, адамдық құқық туралы заңдық нормаларды аяққа таптап, Қытайдан шекара бұзып келген азаматтарды Қытайға қайтара алмайды. Егер Қазақстанның құзырлы мекемелері қандай да бір себептермен босқындарды Қытайға қайтарған жағдайда Батыс елдерінің санкциясына ілінуі бек мүмкін.
Көпшілік ойлайды: «Қазақстан Қытайға қарыз болғаны үшін кіріптар, олар азаматтарға босқын мәртебесін бермей, кері қайтарды» деп. Қазақстан қашып келген қытай қазақтары турасында Батысты да ренжітпей, қытайды да тулатып алмайтындай, «арбаны сындырмай, өгізді де өлтірмей», орта жолды табуға міндетті. Егер Қытайдың көңілін табамын деп, қандай да бір Батыстың шамына тиетін, халықаралық нормаларға нұқсан келетін қаракеттерге барған жағдайда қазақстандық лауазымды тұлғалардың шетелдегі қаржылары мен жылжитын-жылжымайтын мүліктері «мұздатылып», шетелдегі «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» сияқты Ұлттық қордың ақшалары мен активтері бұғатталып, мемлекеттік немесе жеке меншік қаржыларына нұқсан келуі мүмкін.
Әрине, Батыстың санкциясы қаржыны бұғаттаумен ғана шектелмей, шетелдік қаржылық институттардан берілетін жеңілдетілген несие, инвестиция, гуманитарлық көмектен қағылып қалуы да бек мүмкін. Сондықтан билікке осы азаматтарға босқын мәртебесін берудің қиындығы 99 пайыз, алу мүмкіндігі – 1 пайыз ғана. Берсе – Қытайдағы этникалық қазақтарға, жалпы түркітілдес ұлттарға жасалып жатқан ашық қысымды, зорлық-зомбылық саясатты Қазақстан билігі мойындаған болып шығады. Қытайдың қабағын баққан қазақстандық билік мұндай қадамға бара алмайды. Бірақ кері де қайтара алмайды, орта жолда «Пана іздеуші куәліктің» уақытын сағызша соза береді.
Тағы бір мүмкіндіктің болуын да жоққа шығара алмаймыз: төрт босқынға Қазақстанның азаматтығын береді, бірақ Қытай туралы жұмған ауыздарын аштырмай, тыйып тастауы мүмкін. Олай болса, Батыстың сынына ұшырайды, Қытайдан азап көріп, білген деректерін айтпаса, Батыстағы саясаткерлердің назарынан тыс қалмайды.
Қысқасы, Қытайдан қашып келген қазақ – Қазақстан билігі үшін өте күрделі мәселе. Қытай мен Батыстың ортасынан қайсысын таңдарын білмей, бастары қатып отыр. Билік үшін ең тынышы – төртеуін Еуропа, Америка елдеріне жібергеннен басқа қайырлысы жоқ.

– Енді осындай еріксіз босқын болған азаматтарға араша түсіп, қиын жағдайдан шығуға жәрдем жасап жүрген сізге және «Нағыз Атажұртқа» қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде «шабуылдың» үдеп бара жатқаны қалай?
– Бізге қарсы жазылып, жария болып жатқан ақпараттың көзі –Қытайдан келеді. Жалдамалы жазғыштар – Кытай Компартиясынан тікелей қаржыландырылатын интернет армиясы. Олар Қытайда отырып-ақ, әлеуметтік желіге шығып, жаза береді. Қара халыққа ол жақта әлеуметтік желі қолжетімді емес, ал бұларды қытайлық билік қолдайды.
Жалдамалы жазғыштар – Қазақстандағы белгілі блогерлер мен танымал тұлғаларды «сатып алған». Оларға беретін сый-сыяпаттары бар. Кезінде көшедегі автобусқа тиын таппай жүретін бір қарапайым белсендіні білеміз: қытайшылдармен ымы-жымы бір бола бастап еді, шетелге емін-еркін шығып, көлік сатып алатын жағдайға жетті. Қалтасы тесік жазғыштарға тек Қытайдың интернет армиясының ықпалы бар.
Екінші бір топ – кәдімгі күншіл, міншіл ағайындар, олардың үлес салмағы өте аз, қытайшылдардың жаласына ереді, сөзге сенеді, енді бірі саяси сауатсыздықтың салдарынан жағдайды теріс түсініп қалады. Біреулері – діни сектанттар, ұлтшылдық бағыттағы бізге қарсылар, қалыптасқан образдарын біз тартып алғандай, қолдан жасалған өтірік ұлтшыл-айғайшылдармен бірігіп алғанымен, халықтың басына ауыр күн туғанда, бет-перделері сыпырылып қалады.

– Халықаралық басылымдар Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын сынаған қазақстандық белсенділерді қудалау мен Қытайдан қашқан «қайта тәрбиелеу лагерьлерінің» бұрынғы тұтқындары туралы Қытайдың этникалық азшылықтарға қатысты «стратегиясын» қайта қарауға шақырған үндеулерді жариялады. Қазақ билігі мұндай үндеулерге жауап қатты ма, хабарыңыз бар ма?
– Қашанда Қазақстан билігі мұндай үндеулерге жауап бермей, үнсіз қалады. Қорлық көрген этникалық қазақтар мәселесінде біздің билік Қытайдың көңілінен барынша шығуға тырысты. Мысалы, Сыртқы істер министрлігіндегі лауазымды тұлғалар «Қытайда лагерь жоқ, лагерінде қазақ жоқ» деп лағып жүр.
Ал халықаралық қауымдастықтың Қытай қылмысын ашуға қатысты мұндай үндеулеріне тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» белсене үн қатады, барлық дәлелдерді, фактілерді береді, біз Қытайдың жасап жатқан қылмысын, қорлығын дүние жүзіне әшкере еткен бірінші ұйымбыз. Шыңжаңдағы концлагерьлердің 90 пайыздан астамы жөніндегі мәліметті әлемдік қауымдастыққа біз жеткіздік. Еңбегіміздің нәтижесі әлемге белгілі, ұйымның әйгілі болуына нақты деректер мен дәйектердің ең көбін ұсынуы себеп болды.


Дәл осылай қорлық көріп жатқан тибеттіктер, ұйғырлар, мұңғылдардың деректері біздікіне жетпей қалды. Олар Қытайдағы туыс-туғандарынан айырылды, дерек жинайтын ешкім қалмады, Оларға адам құқын қорғайтын ұйымдарының жоқтығы да әсер етті. Мәселен, тибеттіктер тәуелсіздік талап еткен ереуілмен айналысты, бірақ нәтижесі жоқ. Ал қазақтар ондай наразылық шараларын көтерсе, «сепаратист» деген қылмыстық іс қозғалады, сондықтан тек адам құқы мәселесін ғана көтереміз деп шештік. Әр қазақ өзінің жерлесін, руласын, досын іздеп, суреттерін жариялап, ақпарат жинады. Не үшін ұсталғанын, не үшін сотталғанын сұрап, талап еткені әлемдік қауымдастықтың назарына ілікті. Өзге ұлттар бір жарым-екі жылдан кейін ғана осындай дерек жинауға кірісті. Алдағы уақытта да біз бұл жұмысқа белсене қатысып, ары қарай жалғастыра береміз.

– Іске сәт, Серікжан мырза! Ізгі істеріңізді Құдай қолдасын!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«DAT». 10.09.2020.

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары