Атажұрт

АЛТАЙ ӨЛКЕСІНІҢ ШИНЖИЯҢ ПРОВИНЦИЯСЫНА ӨЗ ЕРКІНЕН ТЫС ҚОСЫЛҒАНЫНА 100 ЖЫЛ (1920-2020Ж.Ж)

1920- жылға дейін Шинжияң (Синьцзян) мәселесіне Алтай өлкесі қамтылмайтын-ды. Алтай өлкесі 130 жылдай орталық үкіметке жеке қарап келді де, 1919-1920 жж арасындағы ішкі-сыртқы саяси һәм гео-стратегиялық мәселелерге байланысты жеке өлке статусы біржолата жойылған еді. Синьцзян губернаторы Яң-ның қолқа салуымен Алтай өлкесі Синьцзян провинциясының қарауына өтті.  жоғардағы әкімшілік карта 1916-1920 жылдар арасында дайындалған. Осы картада Алтай Өлкесі анық көрінеді. Цин империясы құлаған соң билікке келген буржуазиялық үкімет бүкілмемлекеттік құрылтай жиналысын өткізеді сонымен бірге сол жылы уақытша үкіметтің кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Осы саяси іс-қимылға Алтай өлкесі жеке ел ретінде қатысқан.

1905, 1908, 1912 жж арасындағы күрделі әкімшілік реформалардан кейін Алтай-Қобда елінде түбегейлі өзгерістер болды. 1914- жылы Құлжа өлкесі, 1916- жылы Тарбағатай өлкесі жеке-жеке Синьцзян провинциясына кірді. Бұрын Синьцзян территориясына Қашқарияның Алты-Шаһар аймақтары мен Еренқабырғаның аудандары қарайтын-ды.  Қазақтар тұрған өлке, аймақтар 1914, 1916, 1920 жылдардың нәтижесіне байланысты Синьцзян әкімшілігіне біржолата қарады. Сонымен мынадай тарихи жағдай қалыптасты:

Бірінші, Қазақтар Сиьцзян әкімшіліне қараған соң өз жерінде өзі аз халыққа айналып қалды. Мысалы, Құлжа өлкесі (1914), Тарбағатай өлкесі (1916) және Алтай-Қобда өлкесі (1920) жеке-жеке өз алдына әскери губерниялық үкімет болып тұрғанда қазақтардың тұрғылықты үлес салмағы 90% ға дейін ұстайтын еді, Синьцзян провинциясына қараған соң өлкеге шаққанда саны аз болып шыға келді

Екінші, Қазақ өлкелері өз еркінен тыс Синьцзян провинциясына қосылған соң жер мәселесі ұлттық мәселеге айналды. Синьцзиян губернаторы қазақтардың көңілін табу үшін салық реформасын жасағанымен жерге қатысты реформаны ауызға да алған жоқ. Қазақтар өз жерін өзі үкіметтен жалдап алып отырды. 1916-1918-1920-1922-1928 жылдар арасындағы орталық үкіметке жолдаған арыз-шағым құжаттарын қарасаңыз 95%-і «жер мәселесі» бойынша арыз өтініш жасаған.

Үшінші, Қазақтар әкімшілік басқару механизмінде кадрлық түйіткілге тап болды. Алтай, Тарбағатай, Құлжа өлкелері жеке әскери губернияға қарап Синьцзян өлкесіне қосылмай тұрғанда өзі тұрған аймақта саяси-әкімшілік статусы бар еді, оны көбінше Цин императоры жарлықпен бекітіп берген. Қазақ өлкелері Синьцзян аймағына қосыла сала әкімшілік күрделі реформаға дөп келді де бұрынғы жоғары дәрежелі мәнсап статустары құр атаққа айналып қалды, жергілікті атқарушы билік аудан-қала әкімдерінің қолына өтіп кетті.  Біз жазып отырған Алтай өлкесі осы тарихи күрделі мәселенің ең соңғы ауыр мысалы еді. Биыл осы тарихи оқиғаға 100 жыл толып отыр.

Алтай, Тарбағатай, Құлжа өлкелеріндегі әрбір ұлтаралық мәселенің түп негізі- осы тарихи қасіреттен туындап отыр.

1920- жылы Алтай өлкесі соңғы болып Синьцзян аймағына қараған соң қазақтың тың саяси өмірі басталды. 1922- жылдан бастап Синьцзян орталығы Үрімжіде қазақтың жаңа зиялы шоғыры пайда бола бастады. Құмыл-Баркөл, Еренқабырға, Құлжа, Тарбағатай, Алтай қазақтарының сорпа бетіне шығар зиялы қауымы жаңа оқу орнын құра бастады. Мақсат- халықтың жаңа рухани санасын заманның озық технология күшімен қаруландыру сосын оянған халықты қозғап жеке ҰЛТТЫҚ АВТОНОМИЯ талап ету һәм бөлініп шығу.

Осы еңбектенудің нәтижесінде 1922-1932 жж небәрі он жылда қазақ зиялылары тарапынан АВТОНОМИЯ мәселесі саяси деңгейде көтерілді. Ондағы саяси мақсат- Синьцзян губерниясынан біржолата бөлініп шығып кету!

Осы түпкі саяси мәселенің нәтижесінде ең әуелі Құмыл-Баркөл қазағы түп қопарылды, жергілікті губернаторға наразы боп ішкі қытай, тіпті Тибет одан ары Пакістанға дейін асып кетті. 1939-1940 жж арасында Өр Алтай елі ұлт-азаттық көтерілісін бастады. Түпкі саяси мақсат- Алтай өлкесі Синьцзянға еркінен тыс қосылуы және қазақтардың саяси, рухани һәм әлеуметтік еркінің болмауы еді. 1944-1945 жылдары Құлжа өлкесі мен Тарбағатай өлкесінің қазақтары ұлт-азаттық ұйымдарын құрып, саяси төңкеріс жасады.

1920- жылы Алтай өлкесі Синьцзян провинциясына еркінен тыс қараған соң Алтай тағы екіге бөлініп кетті. Қобда аймағы Моңғолия жағында қалды, Алтай окургы бері Синьцзян жағында қалды. Алтай өлкесі 1917-1918 жылдары ең қауіпті шекара аймағы атанып орталық биліктің назарын өзіне аударды. Егер орталық билік Алтайға байланысты дер кезінде шара көрмесе Алтай тәуелсіздігін жария етуі де мүмкін. Осыған байланысты 1919- жылдан бастап Алтайды жою саясаты қабылданды. 1920- жылы Алтайдың саяси әкімшілік статусы күшін жойды, Синьцзян губерниясына қарасты шағын окургке айналды.

Отандық тарихшылар осы мәселеге қатты назар аударуы тиіс деп есептеймін. Қазіргі таңда көрші Синьцзян өлкесі біз үшін өте маңызды стратегиялық белдеуге айналды. Біз көрші өлкенің өткен ғасырдағы тарихын білмей бүгінгі жағдайға оңды тұжырым жасай алмаймыз. Түптің түбінде бұл іс ең маңызды мәселеге айналады.

Еллес ОРДА

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары