Ел жаңалықтары

Киллерлер. Израиль азаматы Тарнапольский қалай оққа ұшты?

2007 жылы 23 қаңтарда кешқұрым Алматының іргесіндегі Бутаковка шатқалында тұратын жұрт өртеніп жатқан джипті көреді де, дереу полиция шақырады. Полиция жеткенше джиптің түгі қалмай өртеніп кеткен еді. Криминалистер өртенген көлік ішінен екі адамның денесінің күлге айнала бастаған қалдығын табады.

Өртенген адамдардың кім екенін анықтау дәл сол сәтте мүмкін емес еді. Полицейлер көлік шанағының нөмірі арқылы алдымен көліктің кімге тиесілі екенін біліп алып, кейіннен өлген адамдар «Алвин Групп» компаниясының қожасы Юрий Тарнапольский мен оның шопыры Фархат Галибабаев екенін анықтайды.

1960 жылы туған Юрий Маркович Тарнапольский Қазақстанда тұрып құрылыспен айналысқан, бірақ ол Израильдің азаматы болатын.

Израиль елшісінің полиция басшылығына жолдаған хаты. Фото: Қылмыстық істен.

Істі ІІМ дереу бақылауына алып, Астанадан тергеу комитеті мен қылмыстық полиция комитетінің тәжірибелі қызметкерлері Алматыға келеді. Жедел-тергеу бригадасына Алматы қалалық ІІД-нің үздік оперлері қосылып, әр топ өз бетінше тергеу жүргізуді бастайды.

Өртенген джип пен оның мемлекеттік нөмірі.

Бір тәулік өтер-өтпесте полицияға тағы бір адамның денесі табылғаны туралы хабар түскен. Алматыдан оншақты шақырым жердегі Жандосов ауылының тұрғындары алматылық Александр Славковтың денесін тапқан. Оның басына екі оқ тиіпті.

А.Славковтың денесі.

Тарнапольскийдің фирмасындағыларды тергеу арқылы жедел топ қылмыстың негізгі мотивін анықтайды. Дәл сол күні түс ауа Тарнапольский шопыры екеуі әлдебір маңызды кездесуге шыққан. Кешқұрым есепшісіне телефон соғып, шұғыл түрде кеңседегі қолма-қол ақшаны жинауды тапсырады. «Есебін өзім берем» деп ескертіп, ақшаны алып кетуге курьер баратынын айтады. Кешкі жетіден өте курьер кеңсеге келіп, 1 млн 772 мың 400 долларды алып кетеді. Ол курьер Славков еді.

Бұдан әрі полицейлер Славковтың телефон арқылы кіммен сөйлескенін, кіммен хат алысқанын анықтап алады.

Бірнеше байланысты зерттеп, 2007 жылдың 7 ақпанында Сәкен Балғынбаевты (1971 жылы туған) ұстайды. Күдіктіден «Макаров» тапаншасы 7 оғымен табылған. Үйін тінтігенде 1800 доллар қолма-қол ақша шығады.

Еш жерде жұмыс істемейтін күдікті ақшаны қайдан алғанын түсіндіре алмапты. Бір кездері Сәкен аудан прокурорының көмекшісі болған екен. Бірақ оны жұмыстан қуып жіберген. Ол туралы сәл кейінірек баяндаймыз.

Сәкен Балғынбаев.

Сол күні полицейлер оның інісі Сабыр Балғынбаевты да ұстайды. Сәкен алғашқы тергеу кезінде сыр алдырмапты. Өлген бизнесменмен таныс екенін, бірақ оның өліміне қатысы жоқ екенін қайталаудан танбаған.

Бірақ оның уәжі сенімсіз еді. Өйткені оның әке-шешесінің үйін тінтігенде 94 мың доллар мен 54 мың теңге шыққан. Сондай-ақ банктен ұяшық ашқаны жөнінде түбіртек табылған. Сәкен мұны «әке-шешем пәтерлерін сатқан, содан түскен ақша» деп сендіргісі келген.

Сабыр Балғынбаев.

Әке-шешесі бірнеше жыл бұрын пәтерлерін сатқаны рас еді, бірақ ол миллион доллардан асуы мүмкін емес. Полицейлер мұның қылмыспен келген ақша екенін түсінді. Әке-шешесі прокурор ұлдары Сәкеннің қарызын жабу үшін пәтерлерін сатқан. Өйткені Сәкен казинодан шықпайтын. Тапқанын сонда салып, қыруар қарызға батқан. Прокуратурадан қуылған себебі осы еді. Дәл сол тұста ол әлдебір мәскеуліктерге 200 мың доллар, жергілікті бизнесменге 20 мың доллар қарыз екен. Оның қылмысқа баруына, туған інісін де тартуына осы жайт себеп болған. Ағайынды екеуден бөлек бұл іске ескі таныстары Ерболсын Имашев, Бақыт Мұстафаев, Нұртілеу Оспановтың қатысы бар.

Ю.Тарнапольскийдің құжаты.

Сәкен Балғынбаев алғашқы құрбандық ретінде Тарнапольскийді емес, өзі 20 мың доллар қарызын төлеуі тиіс бизнесменді таңдаған. Ол кәсіпкер Әбішев болатын. Бандиттер оның басқан ізін аңдып, «Риц-Палас» сауда үйінің алдында ұрлап әкетпек болғанда бір-бірімен дұрыс түсініспей, бизнесменнен айырылып қалады. Міне, осылайша кәсіпкерді Құдай қағыпты.

Осы сәтсіздіктен кейін бандиттер мұқият дайындалып, құрбандыққа шалуға Тарнапольскийді таңдайды. Бір кездері Отардағы әскери басазадан ұрланған «Макаров» тапаншасын қолға түсіреді.

2007 жылы 23 қаңтарда түс әулетінде қылмыскерлер бизнесменнің үйіне келген. Оның көлікке мінгенін күтіп, артынан ілесіп отырады да, Абай мен Мұқанов көшелерінің қиылысында өздері мінген «Субарумен» Тарнапольскийдің «Ленд Крузерін» әдейілеп соғады. Жағдайды білу үшін бизнесменнің шопыры көлікті тоқтатқанда бандиттер жетіп келіп тапаншамен қорқытып, екеуін Бутаковка жаққа қарай алып кетеді.

Өртенген дене. Фото: Қылмыстық істен.

Одан кейінгі жағдай белгілі. Ұрып-соғады, 4 млн доллар төлеуді талап етеді. Көп ұзамай бизнесмен 2 млн доллар беруге келіседі. Тарнапольскийдің есепшісіне қолма-қол ақшаның бәрін жинауды тапсырған себебі осы екен. Курьер ақшаны С.Балғынбаевпен алдын ала келісілген жерге – «Заңғар» сауда үйіне әкеліп береді. Ақшаны алған соң банданың бастығы Бутаковкаға қайтадан келіп, бизнесмен мен шопырын атып тастауды және іздерін жасыруды бұйырады. Сол күні Славковпен есептесу үшін оны шақырып алып, мың доллар төлемек болады. «Келісімнің сәтті өткенін жуамыз» деп алдап қала сыртына апарады да, басынан екі рет атады…

Бұл іске қатысты сот үкімі тура бір жылдан соң шықты. Сәкен Балғынбаев 25 жылға сотталды. Бауыры Сабыр 2 жыл алды. Ерболсын Имашев – 23 жыл, Бақыт Мұстафаев –19 жыл, Нұртілеу Оспанов – 11 жыл арқалады.

Бұрынғы прокурор сыбайластарына 10 мың доллардан таратыпты да, өзінің бауырына ештеңе бермей, қалған ақшаны шешесіне апарған. Әке-шешесінің қарызынан қанға боялған қаржымен құтылғысы келсе керек, сірә…     

Дереккөз: nege.kz ақпараттық-сараптамалық порталына сілтеме жасаймыз.

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары