Әлем ақпараты

Шыңжаңдағы мұсылмандар үшін. Француз футболисті Гризманн қытайлық Huawei-мен контрактісін үзді

Француз футболшысы, испаниялық “Барселона” клубының шабуылшысы Антуан Гризманн қытайлық Huawei компаниясымен әріптестігін үзетінін мәлімдеді. Оған себеп – компанияның Шыңжаңдағы мұсылмандарды аңду бағдарламасына қатысып отыр деп айыпталуы.

Гризманн Instagram-парақшасында Huawei-дің ұйғырларды бет-әлпеті бойынша анықтайтын бағдарламаға қатысы бар деген ақпараттардың шығуына байланысты компаниямен контрактісін “дереу” үзетінін жазды.

“Осы жағдайға сүйене отырып, Huawei компаниясын бұл айыптауларды жоққа шығарумен шектелмей, тез арада жаппай репрессияны айыптауға және өз ықпалын адам құқықтарының сақталуына үлес қосу үшін пайдалануға шақырамын” деді футболшы.

Гризманн Huawei компаниясымен жарнама келісімшартына 2017 жылы отырған. Содан қытайлық телекоммуникация корпорациясының Франциядағы жарнама науқанының басты тұлғасы болды.

Huawei футболшының бұл шешіміне өкініш білдіретінін, өзіне тағылған айыптарды жалған деп санайтынын хабарлады.

8 желтоқсан күні америкалық IPVM компаниясы Huawei-дің адамды жасы, жынысы және ұлты бойынша ажырататын бағдарламаға қатысып отыр деп мәлімдеген. Huawei компаниясы өз технологиясының адамның ұлтын бет-әлпеті арқылы анықтауға қолданылып отырғанын жоққа шығарады.

Қытай кейінгі жылдары Шыңжаңдағы мұсылман этникалық топтарды жаппай қудалап отыр деп айыпталып, әлемдік қауымдастықтың қатаң сынына ұшырап отыр. Қытайдың батысындағы өлкеде ұйғыр, қазақ және қырғыз секілді түркі тілдес мұсылмандар тұрады. Журналистік зерттеулер мен өлкеден қашып шыққан адамдардың айтуынша, Пекин өлкедегі мұсылмандарды жаппай түрмеге жауып, азаптаған. Қытай билігі мұны “қайта даярлау орталықтары” деп атап, мұсылмандардың қудаланып отырғанын жоққа шығарады, мұны терроризммен күрес үшін жасап отырғанын айтады.

Бірақ түрлі зерттеу бұл орталықтардың түрмедегідей қоршалғанын көрсетеді, ал “орталықта” болдым деген Қытайда туған этникалық азаматтар ол жерге түскендердің жүріп-тұру еркіндігі жоқ екенін, жиі азапталатынын айтады.

БҰҰ мәліметінше, Қытайдың осы “орталықтарынан” кемі 1 миллион мұсылман өткен.

Мұның алдындағы Қытайдың бұл әрекетін Германия футбол құрамасының ойыншысы, британиялық “Арсенал” клубының футболшысы Месут Озил де айыптаған. Осыдан кейін Қытай билігі лондондық клубтың ойындарын көрсетпей қойған.

www.azattyq.org

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары