Бүгін әкімдіктің ресми шарасынан кейін қоғам белсенділері мен қала тұрғындары 1986 жылғы Желтоқсан мен 2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасының құрбандарын еске алу үшін Алматыдағы Республика алаңына жиналды.  Түрлі ұранмен шыққан шеруге кемінде үш жүзден астам адам қатысты. Бұл жолы да арнайы жасақ азаматтық қоғамда белсенділігімен танылған екі бірдей топты қоршауға алып, тосқауыл жасап бақты.

Тәуелсіздік күні 10.00-де «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қоюға арналған салтанатты рәсіміне Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, қала мәслихатының хатшысы Қ.Қазанбаев, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Канкуров, Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы А.Шардинов, қаланың Қоғамдық кеңесінің төрағасы Р.Алшанов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Бижанов, Желтоқсан қауымдастықтарының басшылары, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Сағынтаев бастаған шенеуніктер корпусы азматтық қоғам белсенділері келерін білді ме, әйтеуір сөзін қысқа қайырды да, тездетіп қайтып кетті. Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Үлкен техникалық қолдаумен мерекелік шара сарынында өткен жиынды әкімдікпен қомақты қаражатқа бірлесіп жұмыс істейтін Алматы телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.

Қала тұрғындары ескерткіш түбіне келіп, гүл шоқтарын қойып, естелікке суретке түсті. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Әкімдік өткізген іс-шарадан кейін Республика алаңын күштік құрылым өкілдері мен шенеуніктер торуылдап жүрді.

Желтоқсан оқиғасы болған алаңға тағзым етуге тек әкімдік я оппозиция күштері ғана емес, жекелеген азаматтар да келіп жатты. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Сағат 12.00 шамасында оппозициялық және тәуелсіз қозғалыстардың акциялары басталды. Атап айтқанда, Желтоқсан оқиғаларының құрбандарын еске алу монументіне Демократиялық партия құруға талпынған бастамашыл топтың басшысы Жанболат Мамай мен оның жақтастары келді.

Демпартияны құруды көздейтін бастамашыл топ өкілдері монументке беттеп барады. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Саяси топ өкілдері алдымен марқұмдардың рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды.

Желтоқсаншылар мен Демпартия, азаматтар Тәуелсіздік құрбандарына дұға етті. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай: «Жаңаөзен қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жазалануы тиіс. Күресу керек. Әкімшілік митинг өткізбеңдер дейді. Егер Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске ала алмасақ, қандай мемлекет болғанымыз?» – деді.

Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай жақтастарының ортасында сөйлеп тұр. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Жиналғандар әртүрлі саяси лозунг жазылған плакаттар ұстап тұрды.

Саяси талаптарын ұстап тұрған белсенділер. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Демпартия бастамашыл тобының өкілдері сөйлеп жатқанда «Желтоқсан-86 – Тәуелсіздік қырандары» қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүніс жарыса сөйлеп, жанжал туа жаздады.

«Желтоқсан-86 – Тәуелсіздік қырандары» қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүніс. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Сондай-ақ Республика алаңына «Oyan, Qazaqstan!» жастар қозғалысының өкілдері де жиналды. Алайда, оларды арнайы жасақ қоршауға алды. Бірер уақыттан кейін алаң маңына автозактар қойылып, әкімдік өкілдері шеруді тоқтатуды бірнеше мәрте талап етті.

Жастардан құралған “Oyan, Qazaqstan!” азаматтық қозғалысынан 40 шақты адам бейбіт маршын алаң маңынан бастады. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Митинг бұл жолы да түрлі арандатушыларсыз өткен жоқ. Олар «Oyan, Qazaqstan!» өкілдерінің қолындағы плакаттарды жыртып, тосқауыл болуға тырысты. Ал Демпартия белсенділерінің өз жақтастарымен бірігуіне жолды бөгеген арнайы жасақ жол берген жоқ.

Қозғалыс мүшелерінің наразылық акциясына шүйліккендердің арасындағы әйел өзінің уәжін айтып тұрған сәті. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Осылайша, жасақ қоршауға алған екі топ «Нұрсұлтансыз Қазақстан», «Нұрсұлтан, Отанымды жеме!», «Ұмытпаймыз, кешірмейміз!», «Оян, Қазақстан!», «Жаңаөзен оқиғасы ұмытылмайды!», «Ел басынан шіриді» деп ұрандады.

Қозғалыс мүшелері арнайы жасақ құрған шепке бетпе-бет келген мезеттегі көрініс. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Оянқазақстандықтарды “қарсы алған” арнайы жасақ бірден шеп құрды. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Түскі 12.00-ден сағат 14:35-ке дейін қозғалыс мүшелері арнайы жасақтың шебінде тұрды. Десе де жастар тоқтаусыз өз талаптарын дауыстап айтып жатты.

“Нұрсұлтан, отанымды жемеші” деген жазуы бар плакат ұстаған белсенді. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров пен қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов, прокурор өкілі әдеттегідей тарауға үндеп, шараның заңсыздығын айтып бақты.

Шенеуніктер бірнеше мәрте жиналғандарды тарауға үндеді. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Қозғалыс мүшесі, белсенді Әсем Жапишева арнайы жасаққа қарата “халықтан шыққанын еске алуға” қажеттігін сөз етті. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Полиция алаңның Желтоқсан және бұрынғы Фурманов көшелері жағын жапқан. Көлік қозғалысы шектелді. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Белсенді жастар 2,5 сағаттан артық уақыт арнайы жасақтың қоршауында қалуға мәжбүр болды. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Әскерилер оянқазақстандықтарға қарай бет алған Демпартия мүшелерін де бірнеше сағат қоршауда ұстады. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Қозғалыс мүшелері иронияға негізделген лозунгтер айтып, ән шырқады. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Азаматтар өз талаптарын плакаттарға жазып әкелген. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Жиын барысын күштік құрылым өкілдерінен басқа әртүрлі қарапайым киінген адамдар бақылап, әлдекімге есеп беріп жүрді. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желі арқылы бейбіт шеруге шақырған белсенділер тікелей эфирден хабар таратты. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Арнайы жасақтың қоршауында қалған Демпартия. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

 

Белгілі қоғам қайраткері, журналист Рысбек Сәрсенбайұлы әкім орынбасары Ержан Бабақұмаровқа жастардың жолын бөгемей, босатуды талап етті. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Қозғалыс белсенділері кезектесіп дыбысзорайтқышпен өз талабын жеткізуге тырысты. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Арнайы жасақтың табанында қалған қозғалыс брошюрасы. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Арнайы жасақ пен әкімдік өкілдері ешбір карантиндік шараға мән бермеді. Әскерилер уақыт өте шеңбердің аясын тарылта берді. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Жастар

«Шындықтың шырағы сөнбейді», «Нұр Отан, отанымды жеме!», «Олар кетеді, біз қаламыз», «Жібер!», «Ел басынан шіриді» деп ұрандасты.

Полиция алаң маңына өзге азаматтарды жуытпады. Тұрғындардың бірі полицейге елде қалыптасқан жағдайға жаны ауыратынын айтып, көзіне жас алды. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Жиын барысынан. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Екі жарым сағат бойы жасақтың құрсауында болған белсенділер ақыры босап шығып, бұрынғы Фурманов даңғылымен жүріп өтіп, монументке қарай жол тарты. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Дегенмен Тәуелсіздік монументіне апарар аллеяны бойлай көтерілген жастардың жолын арнайы жасақ кесті. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Алаңға жетпей алдынан тосқауыл жасаған жасақтың жанында Әсем Жапишева аяқ жазып отыр. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Арнайы жасақ өкілдері тілшілердің жолын бірнеше рет бөгеді. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Алаңға барар жолы жабылған жастар маршты Достық-Абай даңғылдарының қиылысындағы Абай ескерткішінің түбінде аяқтады. Алматы қаласы. 16 желтоқсан 2020 жыл. Фото: Асан Анарбайұлы / QT

Осыған дейін Демпартияның бастамашыл тобы мен «Бәсе» оппозициялық арнасы және «Oyan, Qazaqstan!» азаматтық қозғалысы әлеуметтік желілерде 16 желтоқсан күндіз 12.00-ге Республика алаңында тәуелсіздік құрбандарын еске алып, саяси талаптар бойынша бейбіт жиын өткізетінін хабарлап, көпшілікті шақырған.

1986 жылы желтоқсанда Совет одағы коммунистік партиясы Дінмұхамед Қонаевты Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысы қызметінен босатып, орнына бұрын Ресейдің Ульянов облысын басқарған, Қазақстан халқына бейтаныс Геннадий Колбинді тағайындауы жастардың наразылығын тудырды. Қазақстанның жаңа тарихына Желтоқсан оқиғасы деген атаумен енген жастардың бейбіт қозғалысын совет үкіметі қатыгездікпен басып-жаншыды.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде 17 адам көз жұмған.

“The Qazaq Times”