Ел жаңалықтары

Абақтыдан шыққан Макс Боқаев алаңға барды

4 ақпанда Атырауда белсенді Макс Боқаев түрмеден босап шықты. 2016 жылғы жер митингілерінен кейін 5 жылға сотталған, құқық қорғаушылар “саяси тұтқын” деп атаған Макс Боқаевты түрме алдынан ондаған жақтасы, белсенділер мен БАҚ өкілдері қарсы алды.

“БИЛІККЕ ТАЛАПТЫ АЛАҢДА АЙТАМЫЗ”

Макс Боқаев бейсенбі күні таңертең Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінен бостандыққа шықты. Ол өзін қарсы алуға келгендерге қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

– Халықтың қолдауына, халықаралық ұйымдарға рақмет айтқым келеді. Халық қолдауы болмаса мені жоқ қылып жіберетін еді. Сүйегімді таба алмайтын едіңдер. Рақмет сол үшін! Теледидар, радио-газеттен қарап отырмын жағдайды. Назарбаев тақтан кетсе де, 5 миллиметр өзгеріс бар деуге болады. Бірақ алып бара жатқан өзгеріс жоқ. Сондықтан ары қарай қоғамдық жұмыспен айналыса беремін, – деді Боқаев.

Ол халық билікке талабын жеткізу үшін әр аптаның соңында бейбіт митинг өткізу керек деп санайды.

– Үкімет ақылға келмесе, 3 сәуірден бастап алаңдарда шатыр тігіп отырамыз, – деді Боқаев.

Белсенді Қазақстанда биыл 10 қаңтарда өткен парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауын “өтірік сайлау” деп атады.

Макс Боқаев қамаудан босатылардан бір күн бұрын “соттың қаулы шығарып, өзіне митингіге баруға, әлеуметтік желі қолдануға тыйым салғанын” хабарлаған. Боқаевтың адвокаты ол қаулыны көрмегенін айтады.

Түрмеде отырған кезде Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев қамаудан шыққаннан кейін бірден Атыраудағы Маханбет-Исатай алаңына баратынын айтқан еді. 4 ақпанда бостандыққа шыққан соң Боқаев пен жақтастары орталық алаңға барды, олардың соңында полиция ілесті деп хабарлады белсенділер.

Макс Боқаевты абақтыдан шыққан кезде қарсы алу үшін Атырауға Қазақстанның бірнеше өңірінен белсенділер, журналистер мен өзге де адамдар барған. Кей аймақтарда Боқаевты қарсы алу үшін Атырауға жолға шыққан белсенділер мен журналистер өздерін полиция түрлі сылтаумен тоқтатып, сапарға шығармай қойғанын айтқан еді.

ЖЕР МИТИНГІСІНЕН СОҢ ЖАЗАЛАНҒАН БЕЛСЕНДІ

48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отырған. Бес жыл бұрын Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.

Жер реформасына қарсы митингіден соң оған қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Олар “әлеуметтік араздық тудырды”, “жалған ақпарат таратты” және “митинг өткізу заңдарын бұзды” деп айыпталды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. 2019 жылғы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев “қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін” мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтып, Макс Боқаевты “саяси тұтқын” тізіміне енгізген. Бес жыл ішінде елде көптеген акциялар мен пикеттер болып, белсенділер саяси тұтқындар оның ішінде Макс Боқаевты да босатуды талап еткен. Халықаралық ұйымдар да Қазақстан билігінен саяси тұтқындарды босатуды талап еткен.

Атыраудағы жер мәселесіне байланысты жиын. 24 сәуір 2016 ж.

www.azattyq.org

Пікір жазу үшін басыңыз

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ең танымал

https://kazakhshumanright.org/?p=4542
жоғары